Петропавлда жылу электр орталығының мұржасы құлады. Осыған байланысты бүгін таңертең Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловпен сөйлесті. Апат салдарын жою қалай жүріп жатқанын сұрады. Бірқатар мекемелер мен тұрғын үйлер жылусыз қалған. Қазір комиссия құрылып, оқиғаның себебін анықтауға кірісті. Апат орнында бүкіл арнайы қызметтер жұмыс істеп жатыр. Қылмыстық іс қозғалды. Президент облыс орталығы мен басқа да елдімекен тұрғындарын тез арада жылумен қамтамасыз етуді тапсырды.
Қазір жылу орталығының жұмысы қалпына келтіріліп жатыр. Апаттың салдарын жою үшін елордадан қосымша күш шақыртылды. Өскемен мен Павлодардан келген мамандар апаттың себебін анықтауға кірісті. Ал жоғалған жұмысшы әлі табылған жоқ.
Апат болған аймақ түгел қоршалған. Арнайы қызмет мекемелерінің мамандары құтқарушылар, өрт сөндірушілер мен дәрігерлер де күндіз-түні осы жерде.
Рамиль Камалов, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы:
– Топ болып, 15 адамнан жұмыс істеп жатырмыз. Әрқайсы 1 сағат сайын ауыстырылады. Үйіндіні техниканың көмегімен тазалау мүмкін емес. Кейбір бағандарды кесіп алып тастауға тура келеді. Өйткені құлауы мүмкін.