«Отбасы банк» серіктестерімен жаңа ипотекалық несиелендіру бағдарламасын бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Отбасы банк» серіктестерімен жаңа ипотекалық несиелендіру бағдарламасын бастады

18.03.2022

Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі қарсаңында «Отбасы банк» салымшыларына баспаналы болудың ыңғайлы әрі тиімді тәсілін ұсынды. Енді олар үй бағасының 30 пайыз алғашқы жарнасын төлеп жайлы әрі сапалы пәтерге қол жеткізе алады. Жаңа бастаманың тиімді тұстарын тілшіміз де сараптап көрді.

Шымкент қаласының тұрғыны Әділхан Асанов бірер айда баспаналы болмақ. Банк ұсынған тиімді шарттар азаматқа тұрғын үйдің алғашқы жарнасына қажетті қажататты жылдап жинап, баспанаға тезірек қол жеткізуге қолғабыс болып отыр.

Әділхан Асанов, «Отбасы банкінің» салымшысы:

Мен қазір «Авалон» деген обьектіден үй қарап жатырмын. Яғни жылына 7 пайыз несиемен алып жатырмын. Төлеміміз 30 пайыз жеңілдікпен. Мұндай науқандар еш жерде кездеспейді.

«Батсу групп» құрылыс компаниясы мен «Отбасы банкінің» арасындағы келісім нәтижесінде баспананың бастапқы жарнасын 50 емес, 30 пайыз төлеп алуға мүмкіндік туған. Бүгін екі тарап жаңа жобаны бірлесіп атқару туралы келісімге қол қойды.

Аталмыш жоба мемлекеттік бағдарламаларға қатыса алмайтын азаматтар үшін аса қолайлы. Оның шартымен 6 айдан 25 жылға дейін 90 миллион теңгеге дейін заем рәсімдеуге мүмкіндік бар.

Нұрлан Сұлтанов, «Отбасы банк» Шымкент қалалық филиалы директорының орынбасары:

Пайыз мөлшерлемесі тек 7 пайызбен басталмайды. Алғашқы 8 жылдан кейін төмендейді, 4,5 пайызға дейін. Сондай-ақ тиімділігі айлық жетпеген жағдайда қосымша қарызгер, яғни гарант қосу арқылы несиеге, үйге қол жеткізуге болады.

Жалпы Шымкент қаласындағы «Отбасы банк» салымшыларының саны бүгінде 150 мыңнан асты. Олардың есепшоттарында 112 миллиард теңгеден астам қаржы бар. Жаңа жоба тұрғындардың жылдам баспаналы болуына және отбасы бюджетіне түсетін салмақты азайтуға мүмкіндік бермек.

Ғани Қалмаханов


Хабарламаларға жазылу