Семей: Өңір халқы Президент шешімінен кейін оң өзгерістерді күтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Семей: Өңір халқы Президент шешімінен кейін оң өзгерістерді күтеді

17.03.2022

Абай облысы құрылады деген ақжолтай жаңалықты естіген Семей жұртшылығы кешелі бері сүйіншілеп жатыр. Ұлылар мекені болған киелі өлкенің келешекте қайта өркендейтініне жұрт сеніммен қарайды. Өйткені, мәдени-рухани орталық аталып келген аймақтың, экономикалық әлеуеті де зор.

Кешелі бері Семейдің жастары Абай облысы құрылады деген ақжолтай жаңалықты қуанышпен қарсы алып жатыр. Бүгін қаланың Абай даңғылымен жалаулатып өткен өрендер ақынның еңселі ескерткішінің басында тоғысты. Гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті. Өткенге салауат етіп, болашаққа үмітпен қараған өңір халқы Президент шешімінен кейін оң өзгерістерді күтеді.

Төлеген Құрманов, қала тұрғыны:

Көптеген жақсылық күтемін. Семей қайтадан гүлденеді деп ойлаймын. Қуанышымда шек жоқ. Төбем көкке екі елі жетпей тұр.

Берік Жұмағұлов, қала тұрғыны:

Семейдің қазіргі жағдайы орташа. Енді облыс болғаннан кейін көтеріледі деп отырмыз. Президент көреген ғой. Халық қуанышында шек жоқ.

Ерлан Өміржан, қала тұрғыны:

Семей қаласының халқы қаншама жылдар бойы тосқан осындай керемет жаңалық болды. Алда Абай облысының өркендеуіне, Жаңа Қазақстанның дамуына, Семей жұртшылығы оның ішінде жастары өз үлестерін қосады.

Жаңа облыстың қысқа мерзімде аяғынан нық тұрып дамуына барлық мүмкіндік бар, - дейді экономистер. Өйткені бұрын облыс орталығы болған Семей қаласында әлі күнге қуатты өндірістер сақталған. Тек әлсіреп қалған кейбір кәсіпорындардың бойына қан жүгіртіп, жаңғырту керек. Шаһарда 200 шағын және орта кәсіпорын мен 13 ірі өндіріс бар. Мамандар қазіргі Шығыс Қазақстан облысындағы аудандарды бөлу кезінде ең бастысы халыққа тиімді шешім қабылдау қажет деп санайды.

Аман Рахметуллин, экономист:

Бұрынғы Шығыс Қазақстан облысына қарайтын аудандардың да ерекшелігін есепке алу керек сияқты. Бұл Абай облысы территориясына кіргізіп жіберіп түсініксіз себептер болып қалуы мүмкін. Шаруашылық жүргізіп отырған өңірдің халқының пікірімен бірінші кезекте санасу керек.

Қазір тек Семей қаласының өзінде 330 мың халық тұрады. Сондай-ақ, қалаға қарасты 10-нан астам кент пен ауылдық округтер бар. Енді оларды топтастыру үшін тағы жаңа аудан құрылуы мүмкін, - дейді мамандар.

Ержан Жақып


Хабарламаларға жазылу