Шетелдік дипломаттар Жолдауға қатысты ой-пікірімен бөлісті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шетелдік дипломаттар Жолдауға қатысты ой-пікірімен бөлісті

16.03.2022

Президент ұсынған реформалар Қазақстанды жарқын келешекке жетелейді. Еліміздегі шетелдік дипломаттар мемлекет басшысының сөзін мұқият тыңдап, тұшымды ой-пікір білдірді. Еуродақ елдері өкілдерінің айтуынша, бүгінгі жолдау - сан саланы қамтыған, сараланған салмақты стратегиялық жоспар.

Кестутис Янкаускас, Еуропалық Одақтың Қазақстандағы елшісі:

Еуропалық Одақ Қазақстанның сенімді серіктесі. Біз екі арадағы әріптестік бойынша жұмысымызды жалғастыруға дайынбыз. Қазір барлығымыз қиын геосаяси жағдайда өмір сүріп жатырмыз. Мен Президенттің осы сөзімен келісемін. Жолдауда егемендік, аумақтық тұтастық, бірлік туралы да сөз қозғалды. Бүгінде бұл өте өзекті мәселе болып тұр.

Вилли Кемпель, Австрияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:

Бүгін ұсынылған саяси реформалар елде жақсы өзгерістерге бастау болады. Бұл жерде билікті барлық тармағы бірлесе жұмыс істегені маңызды. Біз, Еуропа елдері, осы реформаларды жүзеге асыру бойынша Қазақстанға қолдау көрсетуге дайынбыз.

Саидикрам Ниязходжаев, Өзбекстанның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:

Бұл тарихи Жолдау және Қазақстанның одан әрі дамуын қамтамасыз етуге арналған. Реформаның барлық бағыты қамтылды. Саяси және сайлау процестерін жаңғырту, аймақтардың дамыту туралы жақсы айтылды. Бұл ретте, егемен елдеріңіздің 30 жылдағы тәжірибесі ескеріле отырып, жаңа Қазақстан құруға бағыт-бағдар беретін Жолдау болғанын ерекше атап өткім келеді.


Хабарламаларға жазылу