Депутаттарға сенбек түгілі, олардың көбін жұрт танымайды. Ал партияда жоқ болсаң, Мәжілісті былай қойғанда жергілікті өкілетті органдарға да жолай алмайсың. Салдарынан халық сайлауға селқос қарайды. Себебі әр дауыстың маңызды екеніне сенбейді. Мұны шұғыл реттемесе болмайды. Осылай деген Президент аралас сайлау жүйесіне көшуді ұсынды.
Сонымен Мәжілістің депутаттық корпусы мынадай тәртіпте жасақталады: 70%-ы – пропорционалды, яғни партия атынан. 30% мажоритарлық негізде. Демек, үміткердің қандай да бір партияда болуы маңызды емес. Тікелей сайланады. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар мәслихаттарының сайлауына да аралас үлгі енгізіледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Сайлаудың осы тәсіліне оралу біз үшін өте маңызды. Бұл қадам – партиялардың Мәжіліс пен мәслихатқа өту шегін төмендету үшін осыған дейін қабылданған шешімнің заңды жалғасы. Бұдан былай мажоритарлық жүйе бойынша әрбір аймақ Парламенттің төменгі палатасына өзінің кемінде бір депутатын сайлай алады. Жаңа үлгі көзқарасы әртүрлі азаматтардың Мәжіліске келуіне мүмкіндік береді.
Аудандар мен қалалардағы сайлау толығымен мажоритарлық жүйеге көшеді
Ал аудандар мен қалалардағы сайлау толығымен мажоритарлық жүйеге көшеді. Яғни, әр депутат тікелей сайланады. Бұл бәсекелі саяси орта қалыптастыру үшін маңызды. Осылайша ел алдында беделі бар жаңа тұлғалардың саясатқа келуіне жол ашылады.
Эльдар Жұмағазиев, "Adal" партиясының хатшысы:
Ал халық алдында уәдені үйіп-төгіп, кейін сөзінен жалтарып, сытылып кететіндерге енді тықыр таянды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Енді сайлау алдында берген уәдесін орындамаған депутатты кері қайтаруға болады. Бұл – халық қалаулыларына ықпал етудің тағы бір жолы. Осы ұстаным демократия дәстүрлерін едәуір нығайтады. Өзара жауапкершілік пен сенімге негізделген жаңа саяси мәдениетті қалыптастырады.
Партияларды тіркеу тәртібі жеңілдейді
Бірақ, аралас жүйе саяси партиялардың рөлін кемітпейді. Қоғамның басты институттарының бірі ретінде қала береді. Керісінше оларды дамыту мүмкіндіктері кеңейді. Алдымен тіркеу рәсімі жеңілдейді.
Президент партияны тіркеу шегін 4 есеге төмендетуге пәрмен берді. 20 мыңнан 5 мың адамға азаяды. Өңірлердегі өкілдер саны 600-ден 200 адамға дейін төмендейді. Ал партия құру үшін бастамашыл топтың ең төменгі саны үштен бірге қысқарды. 1000-нан 700 адамға дейін. Сондай-ақ, құрылтай съезін өткізу мен филиалдарды құру үшін берілетін уақыт көбейеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бұл мәселелерді либералдандыру еліміздегі саяси кеңістікті дамыту үдерісін едәуір жандандырады. Өз сайлаушыларының қордаланған проблемаларын сауатты жеткізіп, тиімді шешуге қабілетті жаңа партиялар пайда болады.
Саясат Нұрбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Жолдауда тікелей тапсырмалар берілді. Бірінші партияларға қатысты үлкен шешімдер қабылданды. Шектеулер, лимиттер түсірілді. Бірнеше партиялар ашылуы мүмкін. Сосын пропорционалды сайлау жүйесінен бас тартып, жаңа партиялар белсенді болған жағдайда, өздерінің өкілдерін тікелей Парламентке жіберуге мүмкіндіктері бар.
Сайлау үдерісі толық жаңғырады
Сайлау үдерісі де толық жаңғырады. Енді әлеуметтік желіде үгіт-насихат жүргізуге заң бойынша рұқсат беріледі. Байқаушылардың қызметі заңмен реттеледі. Аумақтық сайлау комиссияларының жұмыс тәсілі қайта қаралады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз бір азаматтың екі рет дауыс беруін болдырмауға тиіспіз. Сондай-ақ, азаматтарымыз кез-келген учаскеде дауыс бере алуы керек. Сол үшін сайлаушылардың бірыңғай электронды базасын құру мүмкіндігін қарастыру қажет. Жекелеген тұлғалардың сайлау барысына ықпал етуіне жол бермеу үшін сайлау қорына салынатын қаржының жоғарғы шегін нақтылау керек.
Асима Нұрбайқызы, тілші:
Біздегі сайлауға – сырттан ешкімнің араласуына құқы жоқ. Бірақ, бұл норма сайлау нәтижесінде шетелден келетін ықпалдың барын жоққа шығармайды. Өйткені, түрлі технологияларды қолдану арқылы жасалатын қатер көбейіп келеді. Бұған жол бермеу үшін заңнамалық деңгейде нақты шаралар қабылданады. Сәйкесінше, Президент шұғыл шешімдер қабылдауды тапсырды.
Асима Нұрбайқызы