Қарағанды облысында тұрмыстық қатты қалдықтан энергия өндіріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында тұрмыстық қатты қалдықтан энергия өндіріледі

12.03.2022

Жезқазған қаласы маңындағы Кеңгір елдімекенінде тұрмыстық қатты қалдықтардан электр энергиясын өндіретін кәсіпорын ашылады. Баламалы қуат көзі бойынша іске асырылатын бұл екінші жоба болмақ. Қазір мұнда күн сәулесінен энергия алатын станция сәтті жұмыс істеп тұр.

Атшаптырым аумаққа 30 мыңға жуық панель қойылған. Станция былтыр электр қуатын жоспардағыдан 10 пайызға көп өндірді. Мұнда жылына 15 000 МВт/сағат энергия алынады. Бұл дегеніміз 4 мың отбасын тоқпен қамтамассыз етуге жетеді деген сөз. Станцияда 10 адам тұрақты жұмыс істейді.

Станислав Яковлев, Күн электр станциясының басшысы:

Күн электр станциясын салмас бұрын бұл өлкенің жыл он екі айдағы ауа райы ашық күндері есепке алынды. Күн сәулесі қысы-жазы жақсы түседі, жауын-шашыны аз. Оның үстіне өндірілген энергия негізінен өндіріс ошақтары тұтынады. Зауыттар бұл маңға жақын орналасқаны да ескерілді.

Ал бұл тұрмыстық қатты қалдықтардан электр энергиясын өндірумен айналыстын болашақ кәсіпорынға белгіленген жер. Құрылысы мамыр айында басталады. Жоба іске асқан соң мұндағы зауытқа іргедегі қос қала мен ауылдардың полигонынан шикізат жеткізіледі. Бір ғана Жезқазған қаласынан жылына 21 мың тонна тұрмыстық қатты қалдықтар шығатынын ескерсек, жобаның экологиялық тиімділігі де зор.

Данияр Арынғазин, Жезқазған қаласы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

Биоэлектр станциясы зауытын іске қосуды жоспарлап отыр. Ол жобаның құны 8,2 миллиард теңге. Енді ашылса жаңадан 76 жұмыс орыны ашылады деп жоспарлануда.

Баламалы энергияны тұтыну - табиғи ресурстарды үнемдеуге және экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді. 2030 жылға дейін еліміздегі баламалы энергияның үлесін 30 пайызға дейін жеткізу көзделген. Қарағанды облысында бұл бағытта 4 үлкен жоба жүзеге асқан.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу