Ақмола облысында әкімқаралар 36 мың гектар мал жаятын жер берілді деп өтірік есеп берген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысында әкімқаралар 36 мың гектар мал жаятын жер берілді деп өтірік есеп берген

11.03.2022

Ақмола облысында ауыл халқына жайылым жер бөлу туралы 500 ге жуық меморандум бекігенімен, 21-і жалған болып шықты. Яғни, әкім-қаралар 36 мың га мал жаятын жер берілді, - деп өтірік есеп берген. Өңірде төрт түлікке өріс таппаған әлі 400 ден астам елдімекен бар. Әсіресе, Зеренді, Бурабай, Целиноград аудандарында жағдай күрделі.

Жайылымы жоқ елдімекеннің бірі - Зеренді ауданындағы Ортақ ауылы. Мұнда жұрттың бір мыңнан астам жылқысы, 900 дей ірі қара мен екі мыңға жуық ұсақ малы бар. Тұрғындар қар кетіп, көк шыққан соң төрт түлікті қайда жаярын білмей дал. Егін салғаннан кейін, жазға салым жағдай тіпті қиындайды.

Дүйсенбі Кенжеғалин, Ортақ ауылының тұрғыны:

Бізде жайылым жоқ. Сондықтан мал бағатын жеріміз де жоқ. Шөп шабатын жер де жоқ. Барлық жерлер біреудің қолында кеткен. Кімде қандай, қайсысы екенін білмейміз. Өйткені бізге ауданның әкімдері, ауылдың әкімдері ешкім айтпай, талан-тараж қылып жерді біреуге беріп қойған.

Ауыл тұрғындарына биыл қысқы мал азығын дайындау да оңай соқпады. Шабындық жер болмаған соң, қысы-жазы мал ұстауға қиналған жұрттың ауылда тұрақтағысы жоқ.

Әбсәләм Жайсаңбай, Ортақ ауылының тұрғыны:

Мал бағайық, мал-жан ұстайық десек, мына жерде шабындық жер жоқ. Енді ана жер, мына жерге барсаң «мынау менің жерім еді», - деп шапқызбайды. Осында мыңның үстінде жылқы бар, қара малын қоспағанда. Енді осыны бағайық, осында тіршілік ет десең, жастар «шабатын шөбің жоқ, баққанмен малыңа жер жоқ», - деп қаша береді.

Мәселені шешу үшін былтыр ауыл әкімдіктері мен шаруа қожалықтары халықтың малын жаюға жер бөлу үшін 500-ге жуық меморандум бекіткен. Алайда, соның ішінде 21 келісім жалған болып шықты. Яғни, құжат жүзінде 36 мың гектар аумақ жер бөлінді, - деп жалған ақпарат көрсетілген. Сыбайластыққа жол берген әкім қаралар әкімшілік жазаға тартылды. Десе де, жайылым мәселесін түбегейлі шешу үшін заңға өзгеріс қажет, - дейді мамандар.

Ғалымжан Әбдіхалықов, Ақмола облысы әкімінің орынбасары:

Баламалы жер сұрамай, мемлекеттік меншігіне өткізу деген бірінші заңнама керек. Заңнамада бізде шабындық пен жайылым жерді ғана алуға болады, егістік жерді ауылға болмайды. Егістік жерді жайылымға ауыстыруға, трансформация жасауға болмайды, алуға болмайды деген. Сондықтан екінші бір мәселе егістік жерді жайылымға ауыстыру рұқсат бізге, рұқсатнама қағаз керек.

Ал, биыл ауыл халқы үшін 445 мың гектар жайылым жер бөлінетін болды. Елдімекендердің шекарасын кеңейту арқылы 33 мың гектар аумақ алынбақ. Алайда, облыс аумағында игерусіз жатқан әлі 640 мың гектар жер бар.

Ермек Елберген

Хабарламаларға жазылу