10 жылда халықтың табысы 10,8 пайызға азайған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

10 жылда халықтың табысы 10,8 пайызға азайған

10.03.2022

Үкімет халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзірледі. 2025 жылға дейін денсаулық, білім беру, мәдениет және ғылым саласында орташа жалақы өседі. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларды мемлекеттік қолдау аясы кеңейеді. Шынымен мұқтаж азаматтар үшін «Отбасы картасы» жасалады. Үкімет отырысында 80 шараны қамтитын бағдарлама егжей-тегжей сараланды. Дарын Сағитов тарқатады.

10 жылда халықтың табысы 10,8 пайызға азайған

Соңғы 10 жылда халықтың табысы шамамен 11 пайызға азайған. Ұлттық экономика министрі осылай дейді. Халықтың кірісін арттыруды көздейтін бағдарлама 80 іс-шараны қамтиды. Бірақ жүйелі жұмыс бір құжатпен шектеліп қалмайды. Ол барлық ұлттық жобалармен байланысты болады.

Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:

Ағымдағы жылы 11 қаңтарда Мемлекет басшысы Мәжіліс отырысында сөйлеген сөзінде халықтың жұмыспен қамтылуы мен табысының төмендігі проблемаларына тоқталып, халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Он басымдық белгіленді. Кедейшілік пен жұмыссыздық деңгейі бойынша талдау жүргізіп, бағдарлама жобасы әзірленді.

2025 жылға дейін 2 млн жаңа жұмыс орнын ашу көзделген

Бағдарлама аясында кадрларды алдын ала дайындау үшін «Өмір жолдамасы» атты жоба іске асырылады. Алдағы 4 жылда 2 млн жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Үкімет басшысы бағдарлама жүйелі индустрияландыру, экономиканы әртараптандыру және кәсіпкерлікті дамыту арқылы жүзеге асырылады деді.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

Жеке үй шаруашылықтарын дамыту, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, микрокредит беру, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып, табыстарын арттыруға ықпал ететін болады. Экономиканың барлық саласында жұмыспен қамтуға және жұмысшы жастарды қолдауға басымдық беріледі.

Елімізде қолдауға мұқтаж азаматтардың портреті әзірленеді

Мұқтаж жандарды әлеуметтік қолдау аясы кеңейеді. Әлеуметтік көмек өтініш арқылы жүзеге асырылатындығы белгілі. Бірақ белгілі себептермен тиісті мекемелердің табалдырығын аттамайтындар да бар. Нәтижесінде шын мұқтаж жандар көмектен қағылады. Енді мұндай санаттағы азаматтардың «отбасылық картасы» жасақталады. Яғни мұқтаж жанның портреті жасалады. Пилоттық жоба биыл жүзеге асырылады.

Серік Шәпкенов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

Қазір 6 млн-нан астам отбасының картасын дайындадық. Осы жүйе олардың жұмыс істеп жатқандығы, тұрғын үйінің бары-жоғын жүйе анықтап бізге көрсетеді. Сол азаматтарға өзіміз барып, әлеуметтік көмек көрсетуді жоспарлап отырмыз.

Дәрігерлер мен мұғалімдердің орташа жалақысы өседі

Еліміздің барлық өңірінде Әйелдерді қолдау орталықтары ашылады. Мұнда жыл сайын 20 мыңға жуық нәзік жандыларға қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар, жастарды жұмысқа баулу мен ынталандыру үшін заңнамаға «жас жұмысшы» ұғымы енгізіледі. Олар үшін сынақ мерзімі алынып тасталады.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев азаматтардың әл-ауқаты мен әлеуметтік жағдай мемлекеттің басты назарында болу керек екендігін атап көрсетті. Бюджет қызметкерлерінің, соның ішінде дәрігерлер мен кіші медициналық персоналдың, педагогтердің жалақысын арттыру көзделген. Бұған қоса еңбек табысының айырмашылығын қысқартуға және халықтың сатып алу қабілетін арттыруға көңіл бөлінеді.

Азаматтардың табысын арттыру бір құжатпен ғана шектелмейді

Алдағы 5 жылда нарықтағы мамандықтардың 40 пайызы өзгеріске ұшырайды. Сондықтан кәсіпкерлермен бірлесіп қайта даярлау, біліктілікті арттыру «фабрикаларын» құру қажет. Сұраныс көп мамандықтарға ерекше мән берілетін болады. Осы бағыттарда Президент тапсырмасымен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Ұлттық біліктілік жүйесі туралы» заң жобасын әзірлеп жатыр.

Дарын Сағитов, тілші:

Биыл шетелдік жұмысшыларға берілетін квота саны 16 пайызға қысқарды. Өзгеріс үшінші және төртінші санаттағы мамандарды қамтиды. Бұл да Президент пәрменімен жүзеге асып отыр. Демек, босаған жұмыс орындарына енді Қазақстан азаматтары тартылады.

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу