Ресей мен Украина бейбіт халықты көшіру үшін «гуманитарлық дәліз» ұйымдастыруға келісті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресей мен Украина бейбіт халықты көшіру үшін «гуманитарлық дәліз» ұйымдастыруға келісті

04.03.2022

Украина мен Ресей арасындағы әскери қақтығыс тоғызыншы күнге ұласты. Бүгін Ресей әскері Украинаның Запорожье атом электр станциясын басып алды. Айта кетсек, бұл – Еуропадағы ең ірі АЭС. Авиациялық шабуылдан станция аумағындағы оқу-жаттығу ғимаратының бір бөлігі өртке оранды. Жалын бүгін сөндірілді. Соққыдан бекеттің энергетикалық блоктары зақымданған жоқ және аймақта радиация деңгейі өзгермеген. Ұлыбритания атомдық бекеттегі жарылысқа байланысты Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесінің төтенше отырысын өткізуге үндеді.

Лондон Запорожьедегі АЭС-тің өртенуіне байланысты БҰҰ-ның төтенше отырысын өткізуге шақырды

Корольдік өкілдері мұндай оқиғалар бүкіл Еуропаға қауіп төндіре алатынын мәлімдеді.

Элизабет Трасс, Ұлыбритания сыртқы істер министрі:
Мұндай әрекетті сынға аламыз. Өрт сөндірілді, дегенмен, күштердің осындай әрекетке дайын болуы алаңдататын жайт. Бұл - Еуропаның қауіпсіздігі мен тұрақтылығына төнген қатер. Кінәлілерді жауапқа тарту керек.
Зеленский Путинді бетпе-бет келіссөзге шақырды

Украина президенті Владимир Зеленский ресейлік әріптесі Владимир Путинді соғысты тоқтату үшін бетпе-бет келіссөзге шақырды. Оның сөзінше, Мәскеу мен Киев бұл жанжалдан тең отырып сөйлескенде ғана шыға алады. Зеленский Батыс елдерін Украина аспанын ұшуға болмайтын кеңістік деп жариялауға үндеді.

Владимир Зеленский, Украина президенті:
Аспанымызды ұшуға болмайтын кеңістік деп жариялаған дұрыс. Өйткені, адамдар қырылып жатыр. Беларусь пен Ресей аумағынан ұшақтар, зымырандар, бомбалар түсіп жатыр.
Германия

Алайда, АҚШ пен оның одақтастарының ойынша, мұндай қадам Батыс пен Ресейді тікелей соғысқа ұрындыруы мүмкін.

Олаф Шольц, Германия канцлері:

Салқынқандылық танытып, дұрыс шешімдер қабылдау қажет. Жанжалды Украинадан тысқары шығармау - біздің міндетіміз. Бәріміз осы себепті сақтықпен әрекет етіп жатырмыз.
Путин барлық міндеттер ойдағыдай шешіліп жатқанын мәлімдеді

Путин болса, әскери қақтығыстың жоспар бойынша жүріп жатқанын мәлімдеп, Украинаны қаруын тастап, өзін бейтарап мемлекет деп жариялап, НАТО-ға өту ниетінен бас тартуға шақырды.

Владимир Путин, Ресей президенті:
Сарбаздарымыз бен офицерлеріміз бейбіт тұрғындардың құрбан болуына жол бермеуге тырысуда. Өкінішке қарай, әскерилеріміздің өздері құрбан болып жатыр. Ал операция кестеге сай, жоспар бойынша өтіп жатқанын атап өткім келеді.
АҚШ ресейлік олигархтар мен олардың отбасы мүшелеріне қарсы жаңа санкциялар жариялады

АҚШ әкімшілігі болса, Ресей элитасына жаңа санкциялар жариялады. Вашингтонның шектеуіне іліккендердің қатарында 8 тұлға мен олардың 20-ға жуық отбасы мүшесі және Кремльдің баспасөз хатшысы – 54 жастағы Дмитрий Песков бар. Тағы 19 олигарх пен олардың отбасына кіретін 47 адам визалық шектеулер тізіміне енді. Осы жолғы санкцияларға сәйкес, олардың Америкадағы есепшоттары бұғатталып, мүлкін пайдалануға тыйым салынады.

Ресей мен Украина бейбіт халықты көшіру үшін «гуманитарлық дәліз» ұйымдастыруға келісті

Ал Беларусьтің Беловеж орманында Украина мен Ресей арасындағы келіссөздердің екінші раунды аяқталды. Онда тараптар бейбіт тұрғындарды эвакуациялау үшін гуманитарлық дәліз ашуға және соғыс жүріп жатқан аудандарға дәрі-дәрмек жөнелтуге келісті. Бұл шараны жүзеге асыру үшін атыс уақытша тоқтауы керек. Таяуда келіссөздің үшінші раунды өтеді. Бірақ, оның қайда және қашан басталатыны белгісіз.

Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу