Ақордада Мемлекет басшысының төрағалығымен реформалар жөніндегі кеңес өтті. Жиында геосаяси жағдайдың қиындауына байланысты қажетті шаралар топтамасы талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет құрған жедел штабқа жан-жақты талдау жүргізіп, жоспар жасауды және шұғыл әрекет етуді тапсырды. Бұған қоса кәсіпорындарды және қажет болған жағдайда, халықтың жекелеген топтарына қолдау шараларын дайындау қажет деді. Сонымен қатар жоғары кеңестің отырысында үш мәселе қарастырылды. Олар: мемлекеттік бюджеттің кіріс бөлігін күшейту, инвестициялық саясатты жетілдіру және «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамын реформалау. Жиында пайдалы қазбалардың кей түріне салықты 1,3 есе өсіру ұсынылды. Бұл бюджетке түсетін кірісті 300 миллиард теңгеге арттыруға мүмкіндік бермек. Сондай-ақ капиталды сыртқа шығаруға жол бермеу, шетелдік компаниялардың табысына және цифрлық майнингке салық салу шараларын енгізу ұсынысы айтылды.
Шерхан Жамбылұлы