Маңғыстау облысындағы ауданда 1 жылда 87 жаңа жұмыс орны ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстау облысындағы ауданда 1 жылда 87 жаңа жұмыс орны ашылды

11.02.2022

Маңғыстау облысы Түпқараған ауданының тұрғындары кәсіп ашып, ауылдастарын жұмыспен қамтып жатыр. Бір жылда 100-ге тарта адам жұмысқа орналасты. Бүгінде олар тұрақты табыс табуда. Аягөз Оралбайқызы баяндайды

Шетелдік көліктердің бамперін жасайтын цех облыста жалғыз ғана. Оның өзі биыл іске қосылды. Тұпқараған ауданының тұрғыны Қадір Елеусін өңірде жоқ кәсіпті қолға алып, «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында 5 млн теңге грант ұтқан. Оған қажетті шикізаттарды шетелден алдырып, кәсіпті жолға қоюда. Әзірге 1 адамды жұмысқа алған.

Ауданда өңірлік бағдарлама аясында 14 кәсіпкер 30 млн теңгеден қолдау алды. Солардың бірі - дәрігер Тәжіхан Ізтұрова. Ол зейнетке шыққасын, Ақшұқыр ауылында емхана салдырды. 23 адамға тұрақты жұмыс берді.
Тәжіхан Ізтұрова, кәсіпкер:
 Керекті құрал-жабдықтардың бәрі заманауи түгел қамтылған. Ең соңғы алып жатырғаным осы рентген аппараты. Келген бізге пациенттер сақтандырылған болса тегін алады. 2-шіден осы емханаға тіркелген болса тегін алады.
Аудан аумағында жылыжай бизнесі де жетіліп келеді. Былтыр ? тонна өнім алынды. Ақшұқыр ауылындағы мына жылыжайда жылудың жоқтығынан өнім аз жиналған еді. Кәсіпкер мемлекеттен демеуқаржы алып, газ құбырын жүргізді. Енді қызанақ пен қиярдың әрқайсысынан 250 тоннадан жинауды жоспарлап отыр.
Жасұлан Сағынов,  Түпқараған аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы:
Ауданның ең басты кәсіп саласы ол мал шаруашылығы болып табылады. Одан бөлек, Таушық ауылы дейміз ауданға қарасты ол жерде балықты ыстатылған күйінде жасап шығару, Бизнестің жол картасы-2025 бағдарламасы арқылы ол кісілер де несие алды 4 млн теңге көлемінде. 
Түпқарағанда бизнеске бет бұрған іскер азаматтар жетерлік. Былтыр 34 адам шағын несие алып, кәсіп бастады. Тағы 3 тұрғын грант ұтты. Бүгінде ауданда 2 мыңнан астам кәсіпкерлік нысан бар. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 103 пайызға көп.

Хабарламаларға жазылу