Ішкі көші-қон бағдарламасы бойынша биыл Павлодар облысына 700 отбасы көшіп келмек. Негізінен олар Алматы, Түркістан, Шымкент, Қызылорда және Маңғыстау өңірлерінің тұрғындары. Қоныс аударғандар Ресеймен шекаралас ауылдарға қоныстандырылады. Баспана, жұмыс орындары қазірден дайын. Былтырғы жылдары мемлекет тарапынан жан басына 102 мың теңге көлемінде жәрдемпұл берілсе, биыл 214 мыңға артты.
Нұрлан Әшімов, Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы:
Биылғы жылы бізге 200 адам, 45 отбасы келді. Сол кісілер қазір Павлодар облысында тұрып жатыр. Құжат бәрін тапсырды. Осы айда біз субсидия төлеуді жоспарлап отырмыз. Тағы бізге Наурыз айында 300 адам келеді деп жоспарланып отыр.
Соңғы 5 жылда аймаққа оңтүстіктен 10 мыңға тарта тұрғын қоныс аударған. Климаттық жағдайға байланысты дәрігердің нұсқамасымен кері қайтуға мәжбүр болған бірен-саран отбасылардан басқа, көшті кері бұрғандар жоқ. Келген ағайындар арасында жеке кәсіп, әсіресе бау-бақша, егіншілікпен айналысып жатқандар басым.
Болат Аманбаев