Еуропа елдері украиндық босқындарды қабылдауда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропа елдері украиндық босқындарды қабылдауда

28.02.2022

Еуропа елдері украиндық босқындарды қабылдауда

Украина азаматтары соғыстан қашып, көршілес Еуропа елдеріне ағылуда. Босқындардың дені Польша, Молдавия, Венгрия, Румыния мен Словакияға жетті. БҰҰ мәліметінше, Еуропа шекарасына қазір 370 мың мигрант кірген. БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш украиндық босқындарға гуманитарлық көмекке 20 млн еуро бөлуді тапсырды.

Соңғы 3-4 күннің ішінде Польша 156 мыңнан астам украиндық босқынды қабылдады. Көлікпен, пойызбен 30 сағат жүріп жеткендердің дені - әйелдер, балалар мен қарттар. Ел үкіметі мигранттар үшін шекаралық бақылау бекетінде 8 орталық тұрғызған. Оған сыймағандары уақытша теміржол вокзалдарына орналастырылды.

Наталия, украиналық босқын:

Мен Украинаның батысынан келдім. Елде қалу қауіпті болған соң, мына кішкентай қызымды алып, қашуға мәжбүр болдым. Күйеуім отанды қорғаймын деп қалды. Еуропа, Батыс елдері бізге көмектеспесе де, ерлеріміз өз жері үшін жанын беруге дайын.

Украинамен ұзындығы 1200 шақырымға созылған Молдавия шекарасында да ұзын-сонар кезек. Қауіпсіз аймаққа көлікпен жетуге асыққан 20 мыңға жуық босқынды биліктегілер уақытша спорт және мәдениет сарайларына орналастырып жатыр. Гуманитарлық ұйым өкілдері жолдан арып-ашып жеткендерге ыстық тамақ дайындап, қолдан келген көмегін көрсетуде.

Нина, украиналық босқын:

Мен Киевтенмін. Күйеуім балалардың амандығы үшін елден кетуімді өтінген соң, сіңілім екеуміз дереу жолға шықтық. 20 сағаттан аса кептелісте тұрып, жеттік. Соғыс аяқталса, елімізге ораламыз.

Словакияда кәсіпкерлер босқындарды қонақүйлерге орналастырып жатыр. Венгрияның қоғамдық ұйым белсенділері көңілі жүдеу жандарға киім-кешек таратып, материалдық, психологиялық көмек көрсетуде. Литва үкіметі мигранттарды жайғастыруға 10 мың орын дайындап отыр. Ал Румыния билігі жарты миллион босқын қабылдауға дайын екенін мәлімдеді.

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу