Енді ауыл менен қала, көше менен дала туралы сөйлейік. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы тыстан тіл қатпай бұқараға бетпе бет бардық. Аты мәшһүр жүйенің шарапатын көріп жүрсіздер ме деп сұрадық. Жауап қанағаттанарлық. Бәрінің бірдей көңілі толмай тұр.
Бұл түсінікті де, әлі күнге дейін өзі науқас адамды әр кабинетке бір жіберіп, құшақ-құшақ құжат жинатып қоятын ескінің әдеті түбірімен жойылмапты. Ол аздай ауыр сырқатпен жеткендер ауруханада айлап кезекке тұруға мәжбүр, ол уақытта дерт денесіне дендей беретіні бесенеден белгілі.
Ақынның аузымен айтқанда «жүз жасаған адамда біздің елде, өшіреттің кезегін тосып өледі». Ежелгі грек философы Гераклиттің мына бір сөзі бар еді ғой: «Емшілер кеседі, күйдіреді, ауруды қинайды, сосын осы жұмысы үшін ақы алады» деген. Бізде де сол, емделейін десең бағасы у-дай, емделмейін десең жан керек.
Халықты осындай екі оттың ортасына тастамау үшін қабылданған еді міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы Заң. Оны жата-жастана мақтайтындар табылады әрине, қазір мақтау есту қатты қымбат емес қой. Ал біз бұқараның базынасын жауаптыларға жеткізгіміз келеді, өйткені медицинадағы түйткілді шешпеу, елдің арызын елемеу әйнекке балға тастағанмен бірдей.
Жұқарған жұрттың жүйкесін, селкеу түскен сенімін Денсаулық сақтау саласына миллион реформа жасасаңда қалыпқа келтіре алмайсың кейін. Ендеше қалада аурухана жағалап, кезектен мезі болған мұқым елдің жанайқайын Мақпал Сержанқызы жеткізеді, көріңіздер.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне енген азаматтар қалай көмек алады? Тәртібі оңай! Ең алдымен тұрғылықты жеріңіз бойынша ыңғайлы емханаға тіркелу керек. Егер ол емханадан бас тартсаңыз, қала аумағындағы өзге медициналық мекемеге тіркелуіңізге рұқсат бар. Бұдан бөлек халықтың қай санатына жататыныңызды анықтау қажет: жеңілдігі бар санат, жұмысшы, жеке кәсіпкер ретінде. Содан тіркелген емхананың учаскелік дәрігеріне барасыз. Өз шағымдарыңызды айтасыз, дәрігер денсаулық жағдайыңызды бақылайды, қажетті мамандарға жолдама жазып береді.
Негізі жұмыс осылай жүруі керек еді. Бірақ кілтипан көп. Соған тап болғанның бірі Алмас Тоқабай. Жақында анасы қолын ауыртып алып жедел жәрдеммен ауруханаға жеткен. Тексеруден кейін зейнеткердің қолының сынғаны анықталған. Қолдарына тиісті анықтама берген дәрігер 2 аптадан соң ғана тіркелген емханаға барып ем аласыз депті.
Алмас Тоқабай, блогер:
Енді екі аптадан соң үйдің қасындағы емханаға барып. Сол жерде тағы да тексеріңіздер деді. Олар сіз рентгенге түсіру үшін ең бірінші терапевтке кіресіз, сізге жолдама хирургқа береді, хирург жолдаманы ренгенге береді. Жақсы енді терапевтке беріңіз десем, оның өзінде осы аптаға орын жоқ, келесі аптаның басында сіз кезекке тұрасыз...Қорыта келсек жәй рентгенге түсу үшін 1,5-2 айдай уақыт кетеді. Тек қана біздің медициналық жүйеде ғана ауырып барған адам кезекке келгенше жазылып бітеді. Сен әбден ауруды асқындырып жедел жәрдем шақыру керек. Басқа медициналық сақтандырудың ешқандай пайдасы жоқ.
Алмас Тоқабай анасын жекеменшік емханаға қаратқан. Өкінішті бұл бір ғана жағдай емес. Қаланың ауруханаларын аралап шығып ағайынның арызын толық тыңдадық. Мәселе өте көп. Мысалы, емханаларда медициналық сақтандырумен келген адамды алакөзбен атады екен.
Камила Ағажан, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
Менде мынадай жағдай болды, тісімді емдетуге барған кезде... сіз сақтандырумен келдіңіз ба, ақылы келдіңіз ба деп сұрады, сақтандырумен келдім дегенде оның көзқарасы өзгеріп кетті.. түрі бұзылып кетті. Сонда байқағаным, медициналық сақтандырумен келген адамдарға дәрігерлер өте немқұрайлы қарайды Медициналық сақтандырумен барған адамдарды кейін қояды кезекке, ақылы барғандарды ертерек қояды.
Аягөз Төребайқызы, Нұр-Сұлтан қаласының № 1 қалалық емхананың дәрігері:
Барлығы учаскелік дәрігер арқылы өтеді, яғни, уролог, лор сияқты маманға бару үшін, оларға жазылады, жазылулары толық болады. Ауру науқаны көп болғанда сондай нәрселер қиындықтар туғызады. Кей мамандарға жазылу қиындық туғызады.
Забира Оразалиева, Заңды және жеке тұлғалармен жұмыс жасау департаментінің басшысы:
Жалпы шағымдар өте көп. Жыл сайын өсіп жатыр өкінішке орай, халықта қандай олқылықтар бар екенін анықтаймыз. Көбінесе адамдар тіркелген тіркелмеген, сақтандырылған немесе сақтандырылмаған екені білмей жатады.
Республика бойынша 15 млн адамның медициналық сақтандыруы бар. Бұл жақсы. Бірақ... Медициналық сақтандыру туралы айтқанда емханалардың өзі екіге бөлінеді. Оның ішінде жекеменшік клиникалардың назы басым.
Ерсін Нұрымхамбетұлы, жекеменшік клиниканың стационар жетекшісі:
Бізде негізі жасалатын операциялардың барлығы олар қымбат, орташа бағасы, 1 млн – 1 млн 200 мың тұрады. Негізі сақтандыруға операциялардың барлығы жатады, бірақ кейбір операциялар бағасын шығармайды. Біз жыл сайын 2 мың емес, 3 мың операция жасай аламыз, мүмкіндігіміз бар, бірақ қаражат аз бөлінеді. Сондықтан жыл басында тегін оталардың көбін жасаймыз да, жыл аяғында аз жасаймыз. Ақылы жасауға мәжбүрміз.
Мемлекеттік ауруханалар мен Ұлттық орталықтарда да түйткіл аз емес. Тегін емделу үшін квота алғанның науқастардың өзі айлап күтуге мәжбүр. Ауыр халдегі кейбір азаматтарымыз сақтандыру жүйесіне тіркелмегендіктен квота да ала алмай қалады.
Гүлзат Шайдолда, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
Осы тісімнен болды, бірінші тісімді суырттым, екінші тісімді суырттым, мұрныма тисем жағым солқылдайды. Басым ауырып қаншама ауруханаларды аралап көрдім. Зейнеткердің сақтандыру бойынша бардым, тіс жағына жүйке жағына барыңыз, деді. Сол айланып, жүре бердім, 6 айда, Өзіміздің поликлиникаға бардым, басқа жерлерге де бардым, ешқандай жер таппады ғой, сосын нервіңіз деді, снимок түсірдім, осы жерде келіп жөндеп берді.
Шыңғыс Нуриманов, Ұлттық нейрохирургия орталығының дәрігері:
Егер бұл пациенттер әлеуметтік сақтандыру бойынша келіп квота арқылы жасағысы келсе бір 2 - 2.5 айдай күтуге мәжбүрлі. Себебі бізде төсек орны қоры 25-30. Көріп тұрғандай бізде бос орын жоқ.
Ауруханалар мен емханалардың жөнделуі, медициналық қондырғылармен жабдықтау, мамандармен қамту деңгейі денсаулық сақтау саласының дамуын айқындайтын негізі факторлар. Мәселен, медицина мекемелерін озық жабдықтармен қамтуға жыл сайын бюджеттен 2 млрд теңгеден артық қаражат бағытталады екен. Енді соның шарапатын халық көрсе болды.
Мақпал Сержанқызы