Павлодар облысы Қарабай ауылының халқы мал фермасының иесімен соттасып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар облысы Қарабай ауылының халқы мал фермасының иесімен соттасып жатыр

25.02.2022

Павлодар облысы Ақсу қаласы түбіндегі Қарабай ауылының халқы мал фермасының иесімен соттасып жатыр. Елді мекеннің дәл іргесінен 1600 бас ірі қара ұстауға арналған шаруашылықты ашуға кімнің рұқсат еткені белгісіз.

Павлодардың іргесіндегі шағын шаһар Ақсу шеттен келетін инвесторларға қолайлы болғанымен, жергілікті жұрттың мүддесі ескерілмейді, дейді тұрғындар.

Ырысалды Әбілғазинова, Қарабай ауылының тұрғыны:

Мал бағатын жер жоқ бізде. Тоғайға мал жаюға болмайды. Мына жаққа шығарсан мынаның малы тұр. Ол былай тұрсын, мынаның иісі бізге барады ғой бәрі.

Марина Түкенова, Қарабай ауылының тұрғыны:

Кіндік қанымыз тамған ауылда тұрғымыз-ақ келеді. Бәріміз мал ұстаймыз. Ал, әкімдік шұрайлы жайылымды басқа жақтан келген адамдарға беріп жіберді. Олар инвестицияны ауылды дамытуға емес, өздерінің байлығын көбейтуге салып жатыр. Сонда біз бұл жерде көшіп кетуіміз керек пе?

Қазір бұл жерде 30-ға тарта қара мал тұр. Ал, негізі алып кешенде 1600 бас зеңгі баба тұқымы өсіріледі-деп жоспарланған. Сорақысы сол, Ақсу қалалық әкімдігіндегі жауапты тұлға бұл жобадан бейхабар болып шықты.

Қайрат Сәдуақасов, Жер қатынастары бөлімінің басшысы:

Менің бұл жұмысты қабылдап алғаныма небары 6 айдан асты. Сондықтан осы мәселеге қатысты менің айтарым жоқ. Ештеме білмеймін.

Заң бойынша ауыл іргесіндегі аумақтарды шаруашылық нысаны ретінде пайдалану үшін алдымен жергілікті билік пікірі ескеріледі. Ал ауылдың бұрынғы әкімі бұған қарсы болған.

Мерхат Валитов, Алғабас ауылдық округінің экс-әкімі:

Тұрған жеріне қарсы болдым. Ауылға кедергі бар. Мал жаюға. Менің ойым, пікірім солай болды.

Бірақ жер қатынастары жөніндегі Ақсу қалалық комиссиясы мал фермасын салатын аумақты бөліп берген. Ақыры тұрғындар сотқа арыз түсірген.

Анар Ғомарқызы, адвокат:

Мемлекеттік органдар бір-біріне сілтеп, жауапкершіліктен қашқалақтап отыр. Тіпті, біз министрліктерге шығып, нақты кімнің рұқсат бергенің, айыпталушы тарап ретінде қай орган жауапты екендігін анықтай алмай жатырмыз.

Тұрғындардың адвокаты мемлекеттік қорда болған жер телімі шаруашылық мақсатта пайдаланылады деп өзгертіліп, әйел адамның атына рәсімделген, дейді. Ауыл тұрғындарының айтуынша, негізгі қожайыны мемлекеттік қызметтегі лауазымды тұлға көрінеді.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу