Марат Ахметжанов Ішкі істер министрі лауазымына тағайындалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Марат Ахметжанов Ішкі істер министрі лауазымына тағайындалды

25.02.2022

Бүгін елімізде бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды. Мемлекет басшысының жарлығымен Ішкі істер министрі болып Марат Ахметжанов тағайындалды. Ол бұған дейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігін басқарған еді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңадан тағайындалған бас полицейді өзі таныстырып, кеңес өткізді. Қаңтар оқиғалары салада бірқатар кемшіліктердің бар екенін көрсетті. Оны жою керек. Тергеу кезінде заңсыздықтарға жол бермеу керек деді президент. Жаңа министрге президент ішкі істер органдарын реформалап, сервистік қызметті енгізуді тапсырды.

Ал Ахметжанов жетекшілік еткен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы болып Олжас Бектенов тағайындалды. Ол бұған дейін бірінші орынбасар қызметін атқарған.

Қасым-Жомарт Тоқаев агенттіктің басшылық құрамымен де жиын өткізді. Ол жаңа басшылыққа бірқатар міндет жүктеді. Соның бірі, елден ұрланып кеткен активтерді қайтаруға ерекше назар аудару керек екенін айтты. Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың жақында бекітілген тұжырымдамасын, қалыптасқан ахуалды сапалы өзгертудің маңызды құрамдас бөлігі ретінде атап өтті.

Сондай-ақ бүгін Әсет Исекешев Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы лауазымынан босатылып, Президенттің көмекшісі болып бекіді. 

Ал Ішкі істер министрі лауазымынан босатылған Ерлан Тұрғымбаев Президенттің кеңесшісі болды. Ғизат Нұрдәулетов елдің бас прокуроры қызметінен босатылды. Ол Президенттің көмекшісі және Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы болып тағайындалды. 


Хабарламаларға жазылу