Алматы облысының Жамбыл ауданына 10 білім шаңырағы қажет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысының Жамбыл ауданына 10 білім шаңырағы қажет

24.02.2022

Алматы облысында үш ауысымды мектеп мәселесі әлі де өзекті. Бір ғана Жамбыл ауданына әлі 10 білім шаңырағы қажет. Мемлекеттік бағдарламамен баспана кезегіне тұрғандардың саны да көбеймесе, азайған емес. Осыған байланысты аудан орталығы Ұзынағаш ауылында құрылыс қарқын алып, бір мезетте үш көпқабатты тұрғын үй салына бастады.

1500 орындық білім шаңырағының құрылысына облыс бюджетінен 4,4 млрд теңге бөлінді. 3 оқу және 3 әкімшілік бөліктен тұратын ғимарат ауданы 16 мың шаршы метр. Құрылыс компаниясы нысанды келер жылдың аяғына таман аяқтамақ. Қазір аумақта 110 құрылысшы еңбек етуде.

Наурызбай Сапарбеков, Құрылыс учаскесінің бастығы:

2023 жылы желтоқсан айында бітіреміз. Ешқандай кешігіп жатқан жоқпыз. График бойынша қалыпты түрде келе жатыр.

Биыл тағы екі қосымша ғимарат пен екі мектеп салу жоспарланған. Жергілікті билік осылайша үш ауысымды мектептер жүктемесін азайтпақ. Десе де аудан халқының саны жылдан-жылға еселенбесе кеміген емес.

Нұрлан Ертас, Жамбыл ауданының әкімі:

Ауданымызда бес мың бала, нәресте дүниеге келеді. 1700-1800 тұсында бірінші сыныпқа бала барады.

Халық саны өскен соң баспана құрылысы да жанданды. Аудан орталығында бес қабатты үш тұрғын үй салынып жатыр. Тағы осындай бес үй салу жоспарланған. Мердігерлер нысанды шілде айында тапсырмақ.

Марат Әкеғұлов, Жамбыл аудандық құрылыс бөлімінің басшысы:

30 үш бөлмелі пәтер, 18 бір бөлмелі, 14 екі бөлмелі пәтер болады. Жалпы ауданы 3489 шаршы метр.

Аудан басшылары жергілікті бизнес құрылым өкілдерін де баспана құрылысына тартуды жоспарлап отыр. Жиырмаға жуық кәсіпкер мұқтаж жандарға үй салып беруге дайын екенін жеткізді.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу