Батыс Қазақстан облысында шаруалар жер мен субсидия ала алмай қиналып жүр. Суармалы жерлерге де су бармай, гидротехникалық нысандар күтімсіз жатыр. Осы және өзге де мәселелер облыс шаруаларының құрылтайында қаузалды. Төрт сағатқа созылған басқосуда жер беру конкурсының ашық өтпейтіні, жем-шөп, су, маман тапшылығы, киіктің жайылымды отауы, ит-құстың көптігі де айтылды. Несие пайызын түсіру, қаржы ұйымдарын қысқартып, Агробанк құру, дизель отынын арзандату, арамшөп, зиянкестерге қарсы шара қолдану, «Дипломмен ауылға» квотасын ауыл шаруашылығы мамандарына да беру туралы ұсыныстар айтылды. Жергілікті билік өкілдері шаруалар сұрағына өз құзыреті аясында жауап берді.
Ерлан Оразаев, шаруа:
Субсидия алып, субсидияға байып жатыр дегеннің бәрі - ертегі әңгіме. Аналыққа, мысалы, 10 мың, асылтұқымды болса, 15 мың теңге береді де, 25 басқа бір бұқа ал дейді. Сонда ақшаның барлығы бұқаға кетеді. Жем-шөпке кетпейді ол ақша. Оның бәрі ертегі. Жоғарыдағылар дұрыстап қараса екен дейміз. Ол субсидияны берген уақытта аяғы созылып, желтоқсанда беріледі.
Алмасбек Садырбаев, «Shopan Ata» ұлттық қауымдастығының төрағасы:
Утильалым алынып тасталуы керек ауыл шаруашылығы техникасына. Екіншісі, дизельдік отын 100 теңге болуы керек. Үшіншісі, субсидияны әр жаңа министр келген сайын реформа жасауды тоқтату керек. Төртіншісі, жер заңында жер мәселесінде кеткен олқылықтар болмас үшін көптеген мәселелерді жазып алдық, соған жол бермеуіміз керек.
Ардақ Мұратқызы