Жүзден жүйрік журналистер марапатталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жүзден жүйрік журналистер марапатталды

27.06.2014
Жүзден жүйрік журналистер марапатталды
 
Ертең - қалам ұстаған қауымның төл мерекесі. Атаулы күннің қарсаңында Мемлекеттік хатшы Әділбек Жақсыбеков бір топ журналиске Президенттің сыйлығы мен грантын тапсырды.
Арнайы алғысын жариялады.
 
Мерейлі марапатқа ие болғандардың арасында Ұлттық арнаның журналисі де бар.
 
Жайнагүл Төлеміс - шығармашылықтағы алғашқы қадамын Ұлттық арнадан бастаған журналист. Қанаты осы ұжымда қатайды. 12 жыл ішінде арнаның аймақтағы тілшісінен
Астанадағы аға жүргізуші-тілшісіне дейін өсті.
 
Соңғы 4 жыл бойы «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының президенттік пулында.
 
Елбасының алыс-жақын шетелдердегі сапары туралы талай репортаж жасады. Келелі кездесулерде көтерілген мәселелер Ұлттық арнадан Жайнагүлдің қаламы арқылы таралды.
 
Бүгін осы еңбектің лайықты бағасы берілді. Ол Президенттің арнайы грантын иеленді.
 
Жайнагүл Төлеміс, «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының журналисі:
Бұл - тек менің ғана еңбегім емес. Камераның ар жағында қалатын, эфирдің ар жағында қалатын режиссерлердің, операторлардың, монтаждаушылардың дыбыс берушілердің, ассистенттердің, түптеп келгенде, үлкен ұжымның маңдай тері, олардың телекөрерменге деген адалдығы.
 
Президент гранты сондай-ақ, КТК телеарнасының Астанадағы тілшілер қосынының жетекшісі Ярослав Красиенкоға, ал, жүлде қоры 2 миллион теңге болатын Президент сыйлығы «Жас қазақ» газетінің бас редакторы Срайыл Смайылға және «Время» газетінің бас редакторы Лев Тараковқа тапсырылды. Бірқатар ұжым Президенттің Алғыс хатымен марапатталды.
 
Әділбек Жақсыбеков, ҚР Мемлекеттік хатшысы:
Елбасы отандық ақпарат құралдарына көп көңіл бөліп келеді. Саланың дамуына ерекше қолдау көрсетуде. Соның нәтижесінде Тәуелсіз еліміздің заманға сай ақпарат құралдары қалыптасты.
 
Президент сыйлығы мен гранты - журналистерге арналған ең үлкен марапат. Биылғы ақшалай сыйлықтың жалпы қоры - 7 миллион 408 мың теңге.
 
Жыл өткен сайын үміткерлерге қойылатын талап та күшеюде. Сондықтан, бүгінгі марапатқа ең лайықты, ең үздік журналистер мен ұжымдар ие болды.
 
Шынар АСАНҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу