Президент елшілерден сенім грамотасын қабылдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент елшілерден сенім грамотасын қабылдады

21.02.2022

Бүгін Ақордада Моңғолия, Грекия, Индонезия, Марокко, Канада, Израиль және Мажарстан елдерінің елшілері қазақ басшысына сенім грамотасын табыстады. Қасым-Жомарт Тоқаев дипломаттардың жұмысы тарихи кезеңге тұспа-тұс келгенін атап өтті. Яғни, биыл екі жақты қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толады. Кездесу кезінде президент қаңтар оқиғасына қатысты тағы бір ойын айтып қалды.

Мемлекеттердің байланысы бекем болуы дипломаттарға артылатын маңызды міндет. «Елдестірмек елшіден» деген аталы сөз де бар. Ақордаға келген олар әуелі көк байраққа құрмет білдірді.

7 мемлекетпен Қазақстанның дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанына биыл - 30 жыл. Арада достық пейілдегі әріптестік орнаған.

Шара барысында Президент Қаңтар оқиғасын еске ала отырып, сыртқы саясаттағы ұстанымымыз өзгермейтінін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

«Қаңтар оқиғасынан» кейін мен кек алуға немесе жікшілдік жасауға ұмтылмаймын. Ел Президенті ретінде Қазақстан азаматтарының жікке бөлінуін емес, бірігуін аса маңызды басымдық санаймын. Сондықтан Жаңа Қазақстан тұжырымдамасын ұсындым. Бұл құжат этносаралық келісім мен көпвекторлы сыртқы саясат сияқты айқын жетістіктерімізден бас тартпай, өткен кезеңде жіберілген әділетсіздіктерден құтылуға негізделген.

Президент қазақ халқы бұл сынақтан бұрынғыдан да күшті, берекелі ел ретінде шығады деп нық сеніммен айтты. Осындай кезеңде Қазақстанға керегі – достық ниет пен берік ынтымақтастық.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сіздерді пандемиядан кейінгі кезеңде өздеріңіздің дипломатиялық және саяси мол тәжірибелеріңізді екіжақты қатынастарымызды жаңа биікке көтеру үшін пайдалануға шақырамын. Қазақстан сіздердің мемлекеттеріңізбен арадағы екіжақты және көпжақты байланыстарды одан әрі жан-жақты нығайтуға дайын.

Жеті елдің әлеуеті әртүрлі болғанымен Қазақстанмен байланыстыратын дүние көп. Шара кезінде байқағанымыз Канаданың елшісі қысқа ғана уақытта қазақша тәп-тәуір тіл сындырып үлгерген.

Алан Уилфред, Хэмсон Канада елшісі:

Қайырлы күн баршаңызға. Канада Қазақстанның ядролық қаруды таратпау жөніндегі ұстанымына қосылады. Қазір сіздердің елдеріңіз үшін өте маңызды уақыт. Біз барынша қолдау көрсетуге асықпыз.

Отто Иван, Рона Мажарстан елшісі:

Қазақстан Мажарстанның Орталық Азиядағы ең сенімді әріптесі. 2014 жылдан бері біздің байланысымыз стратегиялық деген сипатқа ие. Елші ретінде сауда-экономикалық байланысты нығайтуға күш саламын.

Жиын соңында Қазақстан Президенті дипломаттарға табыс тілеп, екіжақты серіктестіктің одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу