Алматыда жүкті әйелдің жүрегіне күрделі операция жасалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда жүкті әйелдің жүрегіне күрделі операция жасалды

21.02.2022

Алматыда CARTO 3 құрылғысының көмегімен жүкті әйелге күрделі операция жасалды. Ота мегаполистегі кардиология және ішкі аурулар ғылыми зерттеу орталығында жүргізілді. Бұл қондырғы жүректің толық өлшемін көрсетіп, адам өліміне алып келуі мүмкін ауруларды емдей алады. Бір жарым сағатқа созылған отадан кейінгі науқастың жағдайы қалай? Толығырақ келесі материалда.

Қуан Нұрақын, тілші:
Қазір кардиолог мамандар ресейлік дәрігерлермен бірлесе аяғы ауыр келіншектің жүрегіне операция жасап жатыр. Отаның бір ерекшелігі наркозсыз өтуде. Яғни, келіншек бәрін естіп, біліп жатыр. Ал мына бөлмеде науқастың жағдайын бақылап отыр.

Бұл құрылғының пайдалануға берілгеніне көп болмаған. Соңғы үш күнде 15-тен аса науқастың жүрегіне операция жасалды. Ресейден шеберлік сабағын өткізуге келген білікті мамандар бұл қондырғының мүмкіндігі көп екенін айтады.

Сергей Артеменко, Кардиохирург: /Ресей/
Институттағы бұл құрылғы халықаралық стандарттарға сай. Кез келген жүрек ауруларына операция жасауға болады. 1 мм-ге дейінгі дәлдікпен қан тамырларына зақым келтірмей, ауру ошағын табуға мүмкіндік береді.

Науқас операциядан кейін жарты сағат ішінде бөлімшеге ауыстырылды. Құндызай Ерланқызы төртінші баласына аяғы ауыр. Айтуынша, соңғы кезде жүрек соғысы бұзылып, бірнеше рет есінен танып қалған. Оған тахикардия диагнозы қойылыпты. Енді бәрі артта қалды дейді.

 Құндызай Меркебаева, қала тұрғыны:
Менде, әрине, мұндай операцияны бірінші рет басымнан кешіріп отырмын. Мұндай жағдай болады деп ойлаған жоқпын. Әлсіреп, солай шығамын деп ойладым. 

Жүрек ауруларын емдеуде «алтын стандарт» аталып кеткен бұл қондырғы 3D технологиямен жұмыс істейді. Республика бойынша орнатылған бұл екінші құрылғы барлық науқас үшін қолжетімді болмақ.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу