Бейжің-2022: Қазақстандық спортшылар медальсыз қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бейжің-2022: Қазақстандық спортшылар медальсыз қалды

20.02.2022

Сонымен Бейжіңдегі Ақ Олимпиада аяқталды. Норвегия құрамасы 16 алтын, 8 күміс, 13 қола медаль алып, алтын жүлде саны бойынша рекорд орнатты. Бұрын-соңды Қысқы Олимпиадада бір де бір ел осынша алтын алмаған. Алтын бойынша екінші орын Германияда, үшінші орын Қытайда.

Қазақстандық спортшылар медаль алмады. Иә, бәсеке күшті. Алайда не жетпейді? Әңгіме «спортшыларда намыс жоқ» деген өте субьективті, тіпті кейде сыңаржақ пікір туралы емес. 1994 жылғы Ақ Олимпиада чемпионы Владимир Смирнов былай деді:

Менің бала кезімде автобуста орын болмайтын. Себебі барлық баланың қолында шаңғысы, киімдері болатын. Үлкендер шағым айтып, ұрсатын. Ол кезде барлығы спортпен айланысқысы келетін. Себебі, шаңғы да, басқасы да қолжетімді болды. Ал, қазір, екінің бірі шаңғы сатып ала алмайды. Қарапайым қайырсақ, Қазақстанда бұқаралық спорт дамымаған.

Иә, спортпен кәсіби айналысу үшін морт сынбайтын мінез және қомақты қаржы керек. Былай қарасаң, мінез бар. ҰОК-не қыруар қаржы да құйылды. Бірақ нәтиже жоқ. Бар мінез сынбайды. Демек қаржы жетуі тиіс жерге жетпеген. Тақырыпты Оңғар Алпысбайұлы тарқатып көрді.

Қазақстан Олимпиада ойындарына жеке мемлекет ретінде 1994 жылдан бері қатысып келеді. Оған дейін КСРО құрамасының сапында өнер көрсеткен. Бастамамыз жаман болмады.

Алғашқы Ақ Олимпиадада шаңғышы Владимир Смирнов қоржынымызға 2 күміс 1 алтын медаль салды. 4 жылдан соң тағы да Владимир Смирнов пен коньки спортынан Людмила Прокашева бір-бір қола әперді. 2002-2006 жылдары мүлдем орынсыз қалдық. 2010 жылы Елена Хрусталева күміс медаль иеленсе, 2014 жылы мәнерлеп сырғанаудан Денис Тен, 2018 жылы Юлия Галышева фристайл-могулдан қола жүлде алды. Осылайша тәуелсіз мемлекет ретінде қатысқан 8 ақ Олимпиадада 8 медаль алыппыз.

Биылғы додадан дымсыз қайттық. Ең жақсы нәтиже Абзал Әжіғалиевтың 4 орыны. Сала мамандары жетістікке жете алмауымыздың себептері өте көп деп отыр. Алғашқысы жаттығу алаңдарының жетпеуі.

Елсияр Қанағатов, ҚР ҰОК Спорт дирекциясының директоры:

Конькиге болсын, фристайл-акробатика, фристайл-могулдың өзі де жазда дайындалатын, қыста дайындалатын нақты өздерінің базалары жоқ.

Бірақ, кей сарапшылар бұл пікірмен келіспейді.

Аслан Қаженов, спорт журналисі:

Біз мысалы Азия ойындарын қабылдаған елміз. Дүниежүзілік Универсиаданы қабылдадық. Бұл енді үлкен бізге қысқы спорт түрлеріне серпін беруі керек шаралар ғой. Одан қала берді 6 ай бойы жатып алатын қыс бар. Солтүстіктің бәрінде қар бар.

Салаға жауапты министрлік «бар жағдай жасалды, мінекей»,-деп сол нысандарды көрсетіп жүр. Алайда олар, сенімгерлік негізде жекенің қолына берілген. Келісім бойынша ұлттық құраманың дайындығына тегін беруге міндетті. Кәсіпкерлер қағаз жүзінде міндетін орындап жүр. Тек, спортшыларға ыңғайлы уақытта емес.

Нұрберген Жұмағазиев, бапкер /Орал қаласы/:

Таңғы жаттығуымыз сағат 5 жарымда тұрып, мұз айдынына баруға тура келеді. Себебі біздің таңғы жаттығуымыз 7 де басталады. Күндізгі уақытта жаппай сырғанауға беріледі. Бірінші кезек жастарға беріледі. Жастардан басқа бүлдіршіндер бар. Соларға көп уақыт беріледі. Себебі оларда ақылы секция болған соң.

Оның өзі 1 сағат қана. Ал, әр спорттың өзіне қажетті алаңын жасақтау үшін біраз уақыт кетіп қалады.

Нұрберген Жұмағазиев, бапкер /Орал қаласы/:

Бізде матылар бар шорт-тректің арнайы. Спортсмендер құлап қалмас үшін, жарақат алмас үшін. Сол матты шығаруға 15 минут уақыт кетеді. 15 минут матыны алып тастау керекпіз. Сонда жарты сағат матыны шығарып кіргізуге кетеді.

Осындай мәселелерді алға тартып біздің спортшылар шетелде жаттықанды жөн санайды.

Виталий Пухкало, Қазақстан құрамасының мүшесі:

Шетелдерге көп шығу керек. Себебі бізде жағдай жоқ. Бәсекеге қабілетті болуымыз үшін әлемдік деңгейдегі трассаларда жаттығуымыз керек.

Аслан Қаженов, спорт журналисі:

Беларустың Олимпиада жүлде алып жүрген спортшылары, қысқы спортшылары Алматыға келіп дайындалады. Ал біздікілер дайындалғысы келмейді. Енді мен білмеймін. Тойынғандық па. Солай деп түсінемін өзім.

Владимир Смирнов, Олимпиада чемпионы (1994 жыл):

Бізге білім қажет болса оны сырттан да іздеу дұрыс, әрине. Бірақ бұл барлық спортшыларды өзге елде жаттықтыру керек деген сөз емес. Бапкерлер тәжірибе алысуы керек. Шетелден келген жаттықтырушылар ұлттық құрамамен ғана емес, балалармен де жұмыс істеуі міндет. Себебі ересектердің стилін түбегеулі өзгерту мүмкін емес. Ал, бала кезден дұрыс жаттықса, болашақта Олимпиада чемпионын шығару мүмкіндігі артады.

Ұлттық олимпиада комитеті мәселені шешу үшін әр қалада, шағын аудандарда спорт нысандарын салу керек дейді.

Елсияр Қанағатов, ҚР ҰОК спорт дирекциясының директоры:

Жергілікті жерлерде қарапайым спорт сарайлары, қымбат керегі жоқ. Бірақ, қарапайым жаттығуға арналатын жабық спорттық кешендер керек.

Ал жаттықтырушы жете ме, жаттықтырушы болғанда, озық методиканы жақсы білетін, секцияға баратын баланың спорттық керек-жарағынан бастап, психологиялық көмек беретін мамандар жағы қалай болады?- деген сияқты сауалдардың жауабы жоқ сияқты. Осы уақытқа дейін Ұлттық олимпиада комитеті нақты бір проблеманы шешті ме? Жыл сайын қомақты қаржы алып келген ұйымға байланысты бір хабар бар, оны материалдың соңында айтамыз. Ал қомақты қаржы деп жалпылама жазғанымыз, ұйымның нақты бюджеті туралы мәлімет жоқ. Көп екенін бәрі біледі, бірақ ондағылар айтпай келді.

Әрі қарай кеттік. Бізде «қазақтың икемі боксқа ғана келеді. Қысқы спортпен айналыса алмайды» деген стереотип бар. Алайда, бұл қате түсінік екенін 1 жарым миллиардқа жуық халқы бар Қытай елінде үздік шығып, Олимпиадаға жолдама алған үш қандасымыз дәлелдеп отыр. Мәселе тек жүйеде сияқты.

Аслан Қаженов, спорт жәрналисі:

Барлығын жүйелі ұйымдастыру, қаржы бөлуде, жағдай жасау кезінде, спортшылардың шеберлігін шыңдайда, мотивация беруде соның бәріне бір өте немқұрайлы қарайды.

Ал, Олимпиада немқұрайлықты кешірмейді. 13 ақпанда өткен шаңғы жарысында норвегиялық спортшы Ингрид Тандревольд жеңіске деген ұмтылыстың нағыз шыңын көрсетті. Мәреге 1 шақырым қалған кезде денсаулығы күрт нашарлап, жүгіре алмай қалды. Үшінші орында келе жатқан ол мәре сызығын он төртінші болып кесті де, есінен танып құлады. Дәрігерлер оны алаңнан көтеріп алып кетті.

Кейін спортшыда жүректің фибрилляциясы болғаны, яғни, жүрек бұлшық еттері жиырылып қалғаны анықталды. Соның өзінде спортшыға тән мінез, жауапкершілік жарыс соңына дейін сүйреп әкелді. Намыс біздің қыз-жігіттерде де бар:

Біз үшін жүлдесіз қысқы олимпиадалар бұдан әрі де жалғаса беруі мүмкін. Ұлттық олимпиада комитетінің өкілі осылай деді. Биылғы олимпиадада бақ сынаған 34 қазақстандық спортшының 19ы ғана жастар. Өзгесі спорттық карьерасын аяқтауға жақындағандар.

Елсияр Қанағатов, ҚР ҰОК спорт дирекциясының директоры:

Олар жолдамасын ұтып алды. Ол не деген сұрақ туғызады? Артында келе жатқан резерв жоқ.

Жағдай жасау керегін бәріміз білеміз. Нақты қалай? Шаңғы спортынан олимпиада чемпионы Владимир Смирнов елде қысқы спорт түрлеріне көзқарасты түбегейлі өзгерту керек деп санайды.

Владимир Смирнов, Олимпиада чемпионы (1994 жыл):

Менің бала кезімде автобусқа кіретін орын болмайтын. Себебі барлық баланың қолында шаңғысы, киімдері болатын. Себебі, шаңғы да, басқасы да қолжетімді болды. Ал, қазір, екінің бірі шаңғы сатып ала алмайды. Қарапайым тілмен айтсақ Қазақстанда бұқаралық спорт дамымаған.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Біз сюжет барысында айтқан мәселелерді көтеріп, Мәдениет және спорт министрінің атына ресми хат жолдадық. Алайда, күнде ертеңге қалдырып, ақыры бізге сұхбат бермеді. Айтпақшы, министрлік ұлттық құрамаларды ұстап тұруға бағытталатын қаржыны өз бақылауына алатын болды. 1 сәуірден бастап олимпиада комитетіне қазынадан қаржы бөлінбейді. Ал, мемлекеттік орган біздің уақытта қоғам сауалының сиырқұйымшақтанып кетпейтінін түсінетін шығар. Осы уақытқа дейін Тимур Құлыбаев басқаратын ұйым қанша ақша алып келгені сюжет барысында айттық - құпия ұсталған. Келесі аптада болатын комитет отырысында Тимур Құлыбаев төрағалықтан кетеді деген болжам бар. Қоғамдық болса да, барлық қызметінен кетіп жатқанын ескерсек, солай болатын шығар.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу