Ресей мен Украина қарым-қатынасы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресей мен Украина қарым-қатынасы

20.02.2022

Мюнхенде өтіп жатқан қауіпсіздікке байланысты беделді конференцияға 23 жыл бойы қатысып жүрген Ресей бірінші рет бармады. Тіпті Президенті бейнебайланыс режимінен де бас тартқан. Барған 30 елдің өкілінің ішінде Украина президенті В.Зеленский «Соғыс әні басталады, міне басталады» деп ескерте беретін Батыс әлемін дұрыстап көмектеспей отыр деп сынады. Зеленскийдің айтуынша, Батыс әскери және қаржылай көмекті ауыр шарттармен береді, ЕО және Солтүстік Атлантика одағымен интеграцияланудың нақты перспективасы жоқ. «Украина бейбітшілікті қалайды. Еуропа да солай. Ал Ресей басып кірмейтінін айтады. Біреуіміз өтірік айтып отырмыз. Бұл аксиома емес. Бірақ гипотеза да емес», деді Зеленский.

Ал кеше АҚШ президенті Джо Байден «Путин Украинаға басып кіруге түпкілікті шешім қабылдады» деген. Мәскеу оны жоққа шығарып келеді.

Джо Байденнің айтуынша, Ресей Украинамен шекарасына 150 мың әскерін орналастырған. Бұл жолы ол шабуыл жасайтын уақытты атамады, алдында 16 ақпан деген еді. Ал Украинаның өзіне келсек, шығысындағы Донбаста украин әскері мен сепаратистер снаряд тастады деп бір-бірін айыптап келеді. Донецк және Лугансктағы сепаратистердің басшылары алдыңғыгүні халқын Ресейге көшіріп бастады. Ростов облысына.

Сонымен бірге осы күндері Ресей әскери жаттығу ұйымдастырып, дыбыстан да жылдам баллистикалық, қанатты және ядролық оқтұмсықтары бар зымырандарын сынақтан өткізді. Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков әскери жаттығуды Владимир Путин мен белорус басшысы Александр Лукашенконың Кремльден бақылағанын хабарлады.

Айтпақшы, Германияның Украинадағы елшісі Анка Фельдгузен «Будапешт меморандумының заңдық күші жоқ» деп мәлімдегенін ақпарат құралдары жазып жатыр. Бұл меморандумға 1994 жылы посткеңестік елдер – Белорусь, Қазақстан және Украина бір жағынан, екінші жағынан ядролық державалар Ресей, Ұлыбритания, АҚШ қол қойған. Онда бұрынғы кеңес республикаларының ядролық оқтұмсықтарды өткізетіні, ал алпауыттар олардың тәуелсіздігіне кепіл болатыны жазылған еді. Саясаттанушы Айдос Сарым «біз үшін де жаман хабар» деп жазды, телеграм арнасындағы парағында.


Хабарламаларға жазылу