Басты Жаңалықтар «Үркер» тұрғын үй алабына жаңа мектеп қажет

«Үркер» тұрғын үй алабына жаңа мектеп қажет

«Үркер» тұрғын үй алабына жаңа мектеп қажет. Себебі оқушылар қытымыр қыста қалаға қатынауға мәжбүр. Автобустар лық толып, балалар жиі сыймай қалады. Осылай деген тұрғындар бүгін бас қосып, арнамызға мұң-мұқтажын жеткізді. Тілшіміз тарқатсын.

Ақниет Балтанова, тілші: 
«Үркер» тұрғын алабында әскери қызметкерлерге үй берілгелі 12 жылдан асты. Сол кездегі бас жоспар бойынша мына жерден балабақша, емхана және мектеп салынуы керек еді. Балабақшаның құрылысы біткен, көріп тұрсыздар, ал мектеп құрылысы тіпті басталмаған. Қазіргі таңда ата-аналар мен балалардың ең басты проблемасы мектепке қатынау болып отыр.

Алапта 30 мыңға жуық тұрғын бар. Олардың 9 мыңдайы оқушы. Ең жақын мектеп 1200 орынға шақталған. Бірақ онда қазір 3 500 бала оқиды. Көпшілігі қалаға қатынауға мәжбүр.

Жұлдызай Айтқұлова, «Үркер» тұрғын алабының тұрғыны:
Сөздің шыны керек, біз жұмысты қойып, осы балалармен отырмыз. Өзімнің бірнеше балам бар. Әрқайсысын апарып, алып келгенге қарайған уақытым кетеді.

Мән-жайға қаныққан соң тұрғындарды ертіп, қалалық әкімдіктің есігін қақтық. 3 сағат күттірген соң білім басқармасының өкілі бұл жұмыстарға жауап бере алмайтынын айтты. Ал құрылыс басқармасы басшыларының уәжі басқа.

Амангелді Саттаров, қалалық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары: 
Бізге ең алдымен білім басқармасынан өтініш түсу керек. 2020 жылы Үркерге мектеп салу керек екені айтылды. Бірақ ол кезде құрылыс жұмыстарын жүргізуге болмайтын жер таңдалған. Сосын сол аудандағы қауіпсіз деген басқа аймақты таңдадық. Яғни осы жылы 900 орындық мектептің құрылысы басталады.

900 орындық мектептің құрылысы жоспар бойынша 2023 жылы аяқталады.Бірақ жаңа білім ошағы орын тапшылығы мәселесін түбегейлі шешпейді. Әрі алыстау аймаққа салынатын болғандықтан қатынауға қолайсыз. Тұрғындар бас жоспарға енгізілген мектептің аяқ асты неге жоспардан алынып тасталғанын түсінбей дал. Хат жазып, есік қағып, табанынан талай тозды.

Осылайша шағым айтқан жұрт әкімдіктің алдынан қанағаттанарлық жауап ала алмай қайтты. Жақын күндері әкімнің қабылдауына кіруге өтініш қалдырды. Балалар жылында балаларға көңіл бөлінсе дейді олар...

Ақниет Балтанова


Бөлісу