Жаңаөзенде 100-ден астам тұрғын жұмысқа орналасты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаңаөзенде 100-ден астам тұрғын жұмысқа орналасты

17.02.2022

Жаңаөзен қаласында 150 адам жұмысқа орналасты. Жұмыссыздар кезегінде тұрған азаматтарға «ӨзенИнвест» мекемесіне жолдама берілді. Одан бөлек, Өзенмұнайгаз компаниясының мердігер мекемелерінде тағы 150 жаңа жұмыс орны ашылды. Аягөз Оралайқызының бейнематериалы. Жолдама алғандардың бірі - Оспан Қуатов. Ол 5 жылдан бері әлеуметтік қамсыздандыру орталығы арқылы, түрлі қоғамдық жұмыстарға тартылды. Бұрын соңды 50-60 мыңнан жоғары жалақы алып көрмеген.

Оспан Қуатов, Жаңаөзен қаласының тұрғыны: 

Мен 2017 ден бері осы тізімге тұрдым кезекке тұрақты жұмысқа кірейін деп. Соңғы рет ардагерлер үйінде жасадым. Айлығы аз болса да жасап жүрдім. Кезегім келіп қуанып, бүгін жолдама алдым сол Өзенинвестке. 

Ал, Данияр Қойшыбаев «ӨзенИнвест» мекемесінде жұмыс істеп жатқанына бірнеше күн болды. 25 жастағы жас маман бір емес, 2 оқуды қызыл дипломмен бітірген. Мұнайшы және заңгер бола тұра жұмысқа орналаса алмаған.

Данияр Қойшыбаев, Рахат ауылының тұрғыны: 

Жол төсейміз, бардюр, әр түрлі жұмыстармен кетеміз, жалпы қандай жұмыстар бар бүкіл осы қаланың тыныс-тіршілігімен тамыр-тамыр барлығын жүргізіп отырған біздер. Алдағы уақытта мұнай саласына алатын болғаннан кейін, сол үмітпен өз мамандығым бойынша жасаймын деген үмітпен осы жерде, осы жалақыға да көніп, осы жерде жұмыс жасап жүрмін.

Жаңаөзен қаласында осыдан 3 жыл бұрын «ӨзенИнвест» коммуналдық мекемесі жанынан 350 орындық жұмыс орны ашылды. Мұнда арнайы жасалған алгоритм бойынша, жұмыссыздар кезегінде тұрғандар қабылданды. Осы жерден сұраныс болғанда Өзенмұнайгаз компаниясына ауысады. Содан бері 472 адам мұнайшы атанды. Ал, осы жолы тағы 150 тұрғын жұмысқа орналасты.

Әлібек Бұхарбаев,«Өзенинвест» МКК директорының орынбасары:

Өзенинвестке кірген адам, ары қарай Өзенмұнайгазға кіруге үміті бар. Өзенмұнайгазда қаншама орын босайды, біздерге сұраныс жібереді әкімдікке. Содан кейін сұраныстың орнына қаншама адам кетті, сонша адам жұмыссыздықтан адам аламыз.

Жаңаөзенде 160 мыңға жуық тұрғын бар. 3387 адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Ал, екі қолға бір күрек таппай жүргендердің саны одан да көп. Облыстық комиссия жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша келіссөздер жүргізуде.

Абзал Меңдібаев, Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары: 

4500 дей адамдай тізім берген. Бірақ, оның ішінде осы Өзенмұнайгазға, мұнай мекемелеріне кіргісі келетін, орналасатын үміті бар азаматтар жұмысы болса да тіркелгендер бар. Бірақ біздің бірінші мақсатымыз-жұмысы жоқ оның ішінде де жағдай төмендеу отбасылар ішінен жұмысқа орналастыру. 

Комиссия мүшелері мұнай компанияларының басшыларымен келісімге келіп, 150 жұмыс орнын ашуға ықпал етті. Өзенмұнайгаз мекемесі жыл соңына дейін тағы 250 адамды қабылдауға келіскен. Бұдан бөлек, аталған компанияның мерділер мекемелері қосымша 150 жұмыс орнын ұсынып, жұмысшыларды оқытуды да мойнына алады.

Аягөз Оралбайқызы

Хабарламаларға жазылу