Елімізде 285 елді-мекенге су басу қаупі төніп тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде 285 елді-мекенге су басу қаупі төніп тұр

17.02.2022

Елімізде көктемгі су тасқыны болуы мүмкін аудандарда алдын-алу жұмыстары басталып кетті. Биыл су басу қаупі өзендерге жақын 285 елді-мекенге төніп тұр. Бұл туралы Төтенше жағдайлардың алдын алу департаментінің бастығы Рүстембек Әмрин айтты. Мамандардың мәліметінше, қазір арналарды тереңдету, жағалауларды нығайту, гидротехникалық құрылғыларды жөндеу сынды жұмыстар жүруде. Оған 2 млрд теңге жұмсалған. Ал, 68 нысанды жөндеуге 160 млрд теңге қаражат қаралған.

Рүстембек Әмрин, ТЖМ Төтенше жағдайлардың алдын алу департаментінің басшысы:

Бүгінде елді-мекендерден 5 миллион текше метрден астам қар шығарылды. 4 мыңнан астам канал мен 5 мыңға жуық арық, 4 мыңнан астам автомобиль және 2 мың теміржол су өткізу құрылыстары тексерілді. 200 мың тоннадан астам инертті материал дайын. Халықпен 8 мыңдай жиын өткізіп, 40 мыңнан астам нұсқаулықтар таратылды.

Айта кетейік, еліміз бойынша 1 010 елді-мекен су арналарына жақын орналасқан. Соңғы бес жылда су тасқынынан еліміздің он өңіріндегі 165 елді мекен зардап шекті. Тасқын салдарын жоюға 66 волонтерлік ұйым тартылған. Өткен жылы олар 570 іздеу-құтқару операциясына қатысты.


Хабарламаларға жазылу