Еліміздегі 10 өңірде жолдар жабылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздегі 10 өңірде жолдар жабылды

15.02.2022

Ақтүтек боранның салдарынан еліміздегі 10 өңірде жолдар жабылды. Ескертуге қарамастан жолға шыққандар да аз емес. Кешеден бері қар құрсауында қалған 259 адам құтқарылды. Оның 30-ы бала.

Күн райының өзгеруіне байланысты Нұр-Сұлтан қаласы, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Алматы, Павлодар және Түркістан облыстарында республикалық жолдардың 24 учаскесі мен облыстық маңызы бар автожолдардың 42 бөлігі жабылды.

Құтқарушылар кешелі бері дамылсыз. Арнайы жедел штаб та құрылған. Қар құрсауында қалған 250-ден астам адам жылы жерге жеткізілді. Бүгін жолға шықпақ болған 700-ге жуық көлік блокбекеттерде тұр. Көлігі батып, көмек сұраған 21 азаматтың техникасын қардан шығарылды.

Ақтүтек боран, әсіресе, Қарағанды да. Облысқа қарасты 10 жол учаскесі жабылды. Ескертуді елемей жолда қалғандар да бар. Төтенше жағдай қызметкерлері 38 жолаушыны қар құрсауынан аман алып шыққан.

Ерасыл Сайпаш, облыстық ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының орынбасары:

Елді мекендерден тыс жерлерге шығуды кейінге қалдыруды, ауа райына сәйкес киінуді, ауа райының өзгеруі және хабарламаларды қадағалауды ұсынамыз. Облыс аумағында ауа райының қолайсыздығы, бұрқасын, екпіні 15-20 м/с болатын қатты жел сақталады.

Павлодар облысында қарға батып қалған жолаушылар көлігі құтқарылды. Оқиға орнына жедел жеткен үш құтқарушы көлікті қалың қардан шығарып алды.

Ауа райының қолайсыздығына байланысты елорда мен Қарағанды, Ақмола және шығысқазақстандық бастауыш сынып оқушыларына бүгін сабақ болмады. Қатты желдің салдарынан елордадағы 17 әуе рейсі кешігуде. 10 ұшақ елордадан ұшып шыға алмады. Қалаға ұшып келетін 7 рейс кейінге қалдырылды. Мамандар алыс жолға шығар алдында ауа райы болжамымен танысқан жөн дейді. «Дәрмен» мобильді қосымшасы жолдардың жабылуы және дауылды ескерту туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді. «Қазгидромет»-тің болжауынша, ақ бұрқақтың соңы сақылдаған сары аязға ұласады. Солтүстік, шығыс аймақтарда ауа температурасы -30 градусқа дейін жетеді деп болжап отыр.

Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу