Биыл 150 млрд теңгеге жуық қаражат бойынша күдікті операциялардың жолы кесілген. Бұл туралы Президент қабылдауында Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы мәлімдеді. Жанат Элимановтың айтуынша, мұндай операциялар күрт артқан, ал шетелге аударылған ақша көлемі, керісінше, азайған.
Қазір агенттік қолма-қол валютаны заңсыз шығаруға бақылауды күшейтіп отыр. Сомасы 5 миллион АҚШ долларына жуық заң бұзушылық анықталған. Сонымен қатар Қазақстан-Қытай шекарасында тексеріс жалғасып жатыр. Үш аптаның ішінде тауарды заңсыз әкелу фактілері бойынша 8 қылмыстық және 24 әкімшілік іс қозғалған. Нәтижесінде, тауар импортының көлемі азайғанымен, қаңтар айының өзінде бюджетке түскен кедендік төлемдер мен салық мөлшері 20 пайызға өскен.
Мемлекет басшысы заңсыз иемделген активтерді, әсіресе шетелден іздеуге баса мән беру қажет екенін, сондай-ақ оларды Қазақстанға қайтару керектігін айтты. Бұл жұмыстардың бәрі тұлғаның кім екеніне және лауазымына қарамай жүргізілуі тиіс.
Альбина Әшім