Басты Жаңалықтар Мемлекет басшысы «КАМАЗ» автомобиль корпорациясына барды

Мемлекет басшысы «КАМАЗ» автомобиль корпорациясына барды

Қазандағы келелі кезлдесуден кейін Мемлекет басшысы Татарстанның ірі өндіріс орындарын аралады. Ресейдің үздік мұнай өңдеу зауыты мен әйгілі  «КАМАЗ»  зауытының бүгінгі әлеуетін өз көзімен көрді. Қазақ-татар бизнес әріптестігінің көкжиегін дамыту жұмыстары қай бағытта жүзеге аспақ? Шерхан Жамбылұлы жалғайды.

Татарстан бүгінде жылына 35 миллион тоннадай мұнай өндіреді. Қара алтынды шикізат ретінде сатып қана қоймай, тереңінен өңдеп, түрлі өнім шығаруды мықтап жолға қойған. Мемлекет басшысына өңірдің ғана емес тұтас Ресейдің мақтанышына баланатын Танеко компаниясының жұмысы таныстырылды.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Бұл өндіріс Кеңес одағы ыдырағаннан кейін Ресей аумағындағы соғылған алғашқы жаңа мұнай өңдеу зауыты. Әлемдік алып Шелл компаниясының өзі құрылыстың жеделдігі мен өнімнің сапасына таңданысын жасырмапты. Бүгінде Татар мамандары қара алтынды тереңінен өңдеуді үйренген. Дәл осы зауытта мұнайдан 25 түрлі тауар шығарылады.

Мұнай өңдеу зауыты әлемдегі үздік ондықтың қатарына кіреді. Зауыттың жанармайы Еуро-6 стандартына сай. Қазақстан мұнай зауыттарының түртіп алар дүниесі аз емес.

Илшат Салахов,  «Танеко» АҚ бас директоры:
 Бүгінгі күнде кешен жылына 16 млн тонна мұнай өңдейді. Ашық түсті мұнай өнімдерінің үлесі 85 пайыз. Бұл бізді заманауи әлемдік зауыттардың қатарына қосады. Сондай-ақ барынша экологиялық таза өндіріске ден қойып отырмыз. Көмірқышқыл газын ауаға жіберуді азайту үшін жаңа технологияларды енгіздік.

Қазір Татарстан мұнай компаниясы Қарағанды облысында көлік дөңгелектерін шығаратын алып зауыт соғып жатыр. Инвестиция көлемі 125 миллиард теңге. Мыңнан астам жұмыс орны құрылады.

Александр Смышляев, «Kamatyres kz» компаниясының директоры:
Мемлекетаралық келісімге сай жұмысшылардың барлығы жергілікті тұрғындар болады. Өзімізге қажетті мамандарды Татарстандағы зауыттарда оқытып, өндірістік тәжірибеден өткізіп жатырмыз. Жалпы зауытта жылына 3,5 миллион шина өндіріледі.

Осыдан кейін Мемлекет басшысы  «КАМАЗ»  зауытына барды. Бұл марканың өнімдері көпшілікке жақсы таныс. ТМД аумағындағы әрбір үшінші жүк көлігі - «КАМАЗ». Қазіргі ауыр техникалар бұрынғыларынан әлдеқайда көш ілгері.

Камаздықтар тек жүк көлігін ғана емес сонымен қатар автобус пен электробус және түрлі салалық көліктер шығарады. Зауыт жұмысы барынша автоматтандырылған.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Жүк көлігінің кабиналарын құрастыру жұмысы толықтай автоматтандырылған. Соңғы неміс технологиясы. Зауыт иелері бұндай жүйе тіпті Германияның өзінде де жоқ дейді. Темірді дайын кабинаға айналдыру үшін шамамен жарты сағат уақыт қажет.

 «КАМАЗ» - дың бүгінде Қазақстанда бірнеше зауыты бар. Енді тағы 3 жоба жүзеге асырылмақ. Жүздеген миллиард теңге инвестиция құйылады.

Шерхан Жамбылұлы

Бөлісу