Үкімет басшысы ШҚО-дағы өндірістік және медициналық нысандарды аралады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үкімет басшысы ШҚО-дағы өндірістік және медициналық нысандарды аралады

24.05.2021

Ормандағы өрттен зардап шеккен тұрғындарға тамызда жаңа баспаналар беріледі. Бүгін Премьер Министр Шығыс Қазақстанға жұмыс сапары барысында Риддерге соғып, жұртшылықпен кездесті. Қазір 30 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Қоныс ауданы – 80 шаршы метр, 10 сотық жер телімі қоса қаралған. Жалпы, өрт салдарын жою үшін 557,5 млн теңге бөлінді. Жұмысты аяқтау бірнеше компанияға жүктелген. Түрғындарды 15 тамызда жаңа қоныстарына көшіру жоспарланған. Жаңа шағын ауданда барлық қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым салынады.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі: 
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Риддер қаласында болған өрттен зардап шеккен барлық отбасылар жақын арада жаңа тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Үкімет пен Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру үшін барлық қажетті шараларды қабылдады.
Ольга Тюменцева, қала тұрғыны: 
Біз табан асты баспанасыз қалдық. Қолымызға не түссе соны іліп алып шығып кеттік. Алдағы күніміз не болар екен деп қатты қорықтық. Президенттің қолдауына, жалпы қазақстандықтардың қамқорлығына көп рақмет. Бізге үміт пен жылу сыйлады.

Сондай-ақ Асқар Мамин облыстағы бірқатар өндірістік әрі медициналық нысандарды аралады. Санаулы жылда Шығыс Қазақстан мысы дүние жүзіндегі ең ірі кен орындары қатарына шығады. Бұл Аягөз ауданындағы сульфид өңдейтін Ақтоғай ІІ кен байыту фабрикасының құрылысымен байланысты. Жоба биыл аяқталады. 1 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Премьер-Министрге «Талдықорған-Өскемен», «Қалбатау-Майқапшағай» және «Үшарал-Достық» жолдарын қалпына келтіру жайы баяндалды. Үкімет басшысы сүт фермасын, егіс алаңдарын және ауыл шаруашылығы техникасын да қарап шықты. Семей қаласында Премьер-Министр күнбағыс тұқымын қайта өңдеу желісін іске қосты. Кәсіпорын тәулігіне 1 мың тонна күнбағыс немесе 800 тонна зығыр тұқымын қайта өңдейді. Ішкі сұраныс толық өтеледі. Бұдан соң Семей қаласы ядролық медицина және онкология орталығына барды. Онда радиофармпрепарат өндіріліп, онкологиялық ауруларға ерте диагностика жасалады. Тағы бір жаңалық. Цифрлық платформадағы алғашқы медициналық оңалту орталығы ашылды. Мұнда ағзаның физиологиялық және моторлық функциялары қадағаланады.

Нысаналы Ығыл

Хабарламаларға жазылу