Сырдарияға келетін су көлемі ұлғаймаса, шаруалар шығынға батады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сырдарияға келетін су көлемі ұлғаймаса, шаруалар шығынға батады

10.02.2022

Биыл Қызылорда облысында күріш егістігі едәуір қысқаруы мүмкін. Себебі, Сырдарияға түсетін су былтырғы межеден де аз болады деп болжануда. Жергілікті билік су тапшылығының алдын алу бойынша бірқатар іс-шараларды қолға алып жатыр. Дегенмен, жоғарыдан келетін суды ұлғайтпаса, жағдай қиын болғалы тұр. Аймақ үшін өзекті мәселені өңірдегі тілшіміз Әділбек Серікұлы тарқатып айтсын.

Өңірде күріш өсірумен айналысатын ірі шаруашылықтардың бірі «Абзал және К» серіктестігі. Мұнда мыңға жуық адам еңбек етеді. Су тапшылығынан соңғы жылдары күріш дақылының егіс көлемі қысқарып барады. Ал мамандар биыл жағдай былтырғыдан да қиын болады деп дабыл қағуда. «Өзеннен еншімізді ала алмасақ, шаруалардың көбі жұмыссыз қалайын деп тұр», дейді Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев.

Абзал Ералиев, Қазақстанның Еңбек Ері:
Биыл енді 16 мың гектарға қысқартылады деген әңгіме бар. 5 мың гектар күрішті еккенде мыңға тарта адам жұмыс істесе, жер қысқарса 20 пайыз адам қысқарады. Сонда бізден 200 адам қысқаруы керек қой. Ең қиыны сол.

Трансшекаралық өзеннің мәселесін жергілікті билік шеше алмайтыны белгілі. Десе де 20 каналдың арнасын тазалауға және елдімекендерді аяқ-сумен қамтға 23 су сорғыш қондырғы алу үшін биыл облыс бюджетінен қаржы бөлініп отыр. Мұнан бөлек, жауапты министрлікпен бірлесе кешенді шаралар жүзеге асырылмақ.

Гүлшара Әбдіқалықова, облыс әкімі:
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен бірге Жол картасын жасадық. Әртүрлі 20-дан астам іс-шараларды белгілеп отырмыз. Кеше Мемлекет басшысына да мен баяндадым. Осы ең өзекті мәселелердің бірі екенін айтып, қазір бұл мәселелерді бөлек қараймыз деп жатыр.

Сырдарияның деңгейі тым төмендеп кетуінен Сыр өңірінде былтыр 17 көлдің аңқасы кеуіп қалды. Судан тарыққан аймақты қуаңшылық жайлап, экологиялық ахуал нашарлай түсті. Парламент қабырғасында трансшекаралық өзендердің мәселесін көтерген депутаттар ел Үкіметін су ресурстарын қайта қарап, оған баса көңіл бөлу керектігін айтты.

Сәлімжан Нақпаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Сырдария, Жайық сияқты трансшекаралық өзендерде судың болуы тек қана көрші елдердің Үкіметімен тіл табыса жұмыс жасауымызға тікелей байланысты. Кейінгі кезде «Арал-Сырдария» бассейніне қатысты мемлекеттер өзеннің төменгі ағысына су жіберу міндеттерін көп жағдайда орындамай жүр. 

Күні кеше Ташкентте Қазақстан мен Өзбекстан елдерінің салаға жауапты министрлері су мәселесіне қатысты жиын өткізді. Екі жақты келіссөздер аясында «Шардара» су қоймасына түсетін су көлемі ұлғаятын болды. Сондай-ақ, «Достық» каналы арқылы да су жіберу бойынша екі ел мәмілеге келді.

Әділбек Серікұлы, тілші:
Ташкенттегі келісім Сырдарияның төменгі сағасындағы шаруалардың қорқынышын сейілткендей. Себебі, биыл Көксарай су реттегішіне мүлдем су түспеген. Шардара да ернеуіне жетіп, толып тұрған жоқ. Енді көршілер уәдесінде тұрып, қажетті су көлемін жіберсе Сыр дихандары көктем келісімен дала жұмыстарына білек сыбана кірісуге дайын.

Әділбек Серікұлы

Хабарламаларға жазылу