Еуропада карантиндік шектеулер жеңілдетілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропада карантиндік шектеулер жеңілдетілді

08.02.2022

Еуропа елдері карантиндік шектеулерді жеңілдетіп, шетелдіктер үшін шекарасын аша бастады. Грекия бүгіннен бастап толықтай вакцина алған туристерден ПТР тест талап етпейді. Елге тек екпе салдыртпағандар ғана тестпен кіргізіледі. Қарт құрлықтың тағы бірқатар мемлекетінде көшеде маска кию міндетті емес. Еуропадағы соңғы ахуалды әріптесім Нұрсұлу Қасым баяндауға әзір. Нұрсұлу, карантиннің жеңілдетілгеніне қарағанда қарт құрлықта індет басылды ма?

Нұрсұлу Қасым, тілші:

Қарт құрлықта «омикрон» штамын жұқтырғандар көп болғанмен, ауруханаға түсушілер азайған. «Дельта»-ға қарағанда «омикрон»-ның симтомдары жеңіл, әрі екпе салдыртқандардың қатары артқан соң, шектеулер алынып тасталуда. Мәселен, Испанияда халықтың 81 пайызы толықтай вакцина алған. Сондықтан, ел үкіметі осы аптадан бастап тұрғындарға көшеде маскасыз жүруге рұқсат етпек. Каталония аймағында мейрамханаға кіру үшін бұдан былай ПТР тест тапсыру міндетті емес. Швецияға ертеңнен бастап Еуропалық туристер ешқандай ковид сертификатсыз еркін саяхаттай алады.

Әлемнің өзге мемлекеттерінің азаматтары үшін Швеция шекарасын 31-наурызда ашуды жоспарлап отыр.

Нұрсұлу, Австрияда халыққа екпені міндеттеу науқаны қалай жүріп жатыр?

«Міндетті екпе алу»туралы заң күшіне енген үш күн ішінде вакцина салдыртуға асыққандардың саны 12 пайызға артқан.

Венадағы шағын екпе орталығының мамандары бір тәулікте 10 мың адамға вакцина салған. 15-наурызға дейін салдыртып үлгермегендер 3600 еуро айыппұл төлейді. Бельгия үкіметі де медицина мамандарына екпені шілдеден бастап міндеттемек. «Бұл жүзеге асатын болса, онда денсаулық сақтау саласында үлкен дағдарыс болады»,-дейді сарапшылар. Қазірдің өзінде елде дәрігер, медбике тапшы. Сондықтан, осы аптада ел үкіметі оқу орнын енді бітірген, ешқандай тәжірибесі жоқ 400-ден астам медбикені жұмысқа қабылдауға мәжбүр болды.

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу