«Аманат» қоғамдық комиссиясының жұмысы аясында 50 адам қамаудан шыққан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Аманат» қоғамдық комиссиясының жұмысы аясында 50 адам қамаудан шыққан

06.02.2022

Енді «Қаңтар трагедиясына» байланысты. Алматыда оқиғаға байланысты ұсталған тағы 8 адам бейсенбіде тергеу изоляторынан босап шыққанын «Аманат» қоғамдық комиссиясының жетекшісі Абзал Құспан хабарлады. Оларға шара қамаумен байланысты емес шара түрімен алмастырылған. Кімдер екенін белсенді Уәйс Ерсайынұлы жариялады.Абзал Құспанның бейсенбідегі мәліметінше, комиссия жұмысы аясында осымен 50 адам қамаудан шыққан. Жұмада тағы бір азаматтың шыққаны туралы хабарланды.

Қаңтар оқиғасына байланысты ұсталғандардың азапталғаны, қарулы күштердің оқиға кезінде жаралағандарды денсаулығына қарамастан ауруханадан алып кеткені – қоғам наразылығын туғызып отыр. Ұсталғандардың азапталғанын адвокаттары мен туыстары баяндады: жақындары жаппай соққыға жығылған, азапталған.

Енді Азамат Батырбаевқа қатысты Абзал Құспанның жазбасынан үзінді. Жұма таңертең жариялады. Иә, иә, арқасына үтік басып азапталған азамат.

 ... Бірден басын ашып айтарымыз, Азаматты сабағандары да, қорлағандары да, азаптағандары да, үтік басып қинағандары да рас! Өз көзімізбен көрдік, өз аузынан естідік....Біздің ойымызша, бұл нағыз халыққа жасалған қастандық. Бұл әрекеттерді ол адам бейнесіндегі айуандар, Азаматқа тән жарасын жасау үшін жасаған жоқ, бұны олар халыққа жан жарасын салу үшін жасаған! Бұл Азаматты сабау емес, бұл бүкіл калың елді сабау! Бірақ, біздің пайымдауымызша, бұл осынау еліміздегі орын алған сын сағатты пайдаланып жасалып отырған нағыз диверсия, нағыз арандатушылық. Мақсат не? Біздіңше, мақсат елді ашындыру, халықтың наразылық температурасын көтеру. Әрине, бұл жазып отырғанымыз болжам ғана. Бірақ, біздің осы болжамымыздың шындыққа жанасатынын дәлелдейтін бірнеше көзге ұрып тұрған мәселе бар. Комиссия облыс прокуроры алдына Азаматты босату туралы өз ұсынысын енгізді.

Ресми билік азаптау фактілері болғанын растады, жүзден аса іс бойынша тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатқанын хабарлаған. Жалпы, қаңтар оқиғасы бойынша 2 мыңнан астам қылмыстық іс қозғалғанын, 900-ге жуық адамның күдікті деген статуста екенін мәлімдеген.

Мемлекеттік органдар түрлі агрессиялық әрекетке барғандар, жымысқы ойы болғандар және өртеп-қиратқандар мен ұрлап-тонағандар болғанын ұмытпауды айтады. Қаскөйлер тіпті жедел жәрдем көліктеріне, өрт сөндірушілерге шабуылдады. Қолдарында қару болды.

Қоғамның айтып отырғаны – заң бұзғандарды тергемеу туралы емес, мәселе – адамды азаптамауда. Ондай жексұрын әдісті тоқтатуда.

Ал кеше Алматыда ғылым академиясының жанындағы Ш.Уәлиханов ескерткіші тұрған жерде митинг өтті. Әкімдік рұқсат берген. Жиналғандар Қаңтар трагедиясында мерт болғандарды еске алды. Әкімді сайлау керек, Парламент депутаттарын сайлау керек, жалпы саяси реформалар жүргізу керек деген талаптарын қойды.

Айта кететіні, осы аптада Бақытжан Сағынтаевтың орнына тағайындалған Ерболат Досавқа да қарсы екендерін білдірді. Осы аптада Нұрлан Нығматулин өз еркімен кетіп, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов болды. Ал Қошановтың орнына ҰҚК төрағасының орынбасары Мұрат Нұртілеу тағайындалды. Ол ҰҚК-не қаңтар оқиғасы кезінде барған еді.

Хабарламаларға жазылу