Қысқы Олимпиада ойындары салтанатты түрде ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қысқы Олимпиада ойындары салтанатты түрде ашылды

04.02.2022

Бүгін төрткүл дүние назары Қытай астанасы Бейжің қаласында. Көптен күткен 24-ші Қысқы Олимпиаданың жалауы желбіреді. Тартысты додаға 90-нан астам елдің 4 мыңға жуық спортшысы қатысады. 15 спорт түрінен 109 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Ал, Қазақстанның ұлттық құрамасында 87 жолдама бар. Бейжің Олимпиадасында Қазақстан Туын тұңғыш рет екі бірдей спортшымыз ұстап шықты.

2008 жылы Бейжің жазғы ойындарды қабылдағаны белгілі. Мыңдаған қытайлықтың өнері әлі күнге дейін көптің есінде. Бұл жолы да жарыс иелері әлем халқын таңғалдыра білді деп айтсақ болады. Ашылу салтанаты да дәл сол «Құс ұясы» атанып кеткен стадионда ұйымдастырылды. 4 мыңдай әртіс жұмылған. Қайталанбас шоу мен музыка, спорт пен өнер, көне дәстүр мен жаңа заманның әдемі үйлесімі.

Ортақ болашақ үшін бірге. Биылғы доданың ұраны осындай. Қытайлықтар осылайша жаһандық мәселелерді, әсіресе коронавирус пандемиясымен күресте әлем халықтарын күш біріктіруге шақырып отыр.

Ашылу салтанатын тамашалауға 27 мемлекеттің басшысы арнайы барған. Олардың қатарында қазақ басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бар. Президент Қазақстан спортшыларын тік тұрып қарсы алып, қолдау көрсетті.

Көк байрағымызды шорт-трекші Абзал Әжғалиев пен конькиші Екатерина Аидова ұстап шықты. Олардың оюмен көмкерілген, ұлттық стильдегі киімі көптің назарын аудартты. Жалпы мамандар Қазақстан құрамасының формасын ең әдемі әрі үздіктердің бірі деп бағасын берген.

Ақ ойындардың алауы жағылды. Енді 20-ақпанға дейін ақ қар мен көк мұзда спортшылар жарыстың көрігін қыздырады. Қазақ жанкүйерлері 8 спорт бойынша сайысқа түсетін 34 спортшымызға үлкен сенім артып, тұғыр биігінен көруге үмітті.

Шерхан Жамбылұлы

Хабарламаларға жазылу