Маңғыстау облысында Қызылтөбе ауылына жер үстімен жаңадан газ құбыры жүргізілетін болды. Ол үшін республикалық бюджеттен 709 млн теңге бөлінді. Естеріңізге сала кетейік, былтыр күзде тұрғындар жер астымен жүргізілген құбырдың әбден ескіріп, жиі ақау шығатынын айтып, арнаға шағымданған еді. Осыдан кейін жергілікті атқа мінерлер мәселені қолға алды.
Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Жер астымен тартылған соң, ылғалдың әсерінен құбыр ескіріп, шіритіні айтпаса да белгілі. Оның үстіне 10 жылдан 15 жылға дейін жарамды құбырлардың қызмет еткеніне 30 жыл болған. Сондықтан әр жерден ақау шығады, көшеде үнемі газдың исі сезіледі дейді, тұрғындар.
Бұл Қызылтөбе ауылындағы 8 көшеге қатысты проблема. Осыдан 4 ай бұрын Ұлттық арна қызылтөбеліктердің базынасын айтып, мәселені көтерген болатын. Сол кезде аудан басшылығы құбырды жер үстімен жүргізу үшін-709 млн теңгенің жобалық-сметалық құжаты әзірленгенін айтқан. Қаражат биыл бөлінді.
Жолмағанбет Көлешов, Қызылтөбе ауылының тұрғыны:
Әр жерден утечкі шығып жатыр. қысты күндері бір жерге жетпей қалады, бір жерге шықпай қалады. Құбырдың бәрі шіріген. Енді соны үстіне шығарады деп жаңағы жаңалықты естіп, қуанып жатырмыз.
Қазір мердігер мекемеге байқау жарияланған. Құрылыс жұмыстары шамамен көктемде басталмақ.
Рахат Елтізаров, Мұнайлы ауданының әкімі:
8 көше бойынша бізде қазір 3 шақырым құбыр тартуымыз керек. Яғни жердің үстімен тартылады. Қазіргі пайдаланып отырған ескі құбырлардың барлығын жаңартатын боламыз.
Ауылда тозығы жеткен электр желілері де жаңартыла бастады. Жуырда 3 бірдей көшені қамтитын 160 кВт –тық трансформатор орнатылған. Сондай-ақ, елді мекенде автомобиль жолдарының 55 пайызы жаңартылды. Бүгінде 93 шақырым жолдың 80 пайызы асфальтталған.
Қонысбай Сәлімбаев, Қызылтөбе ауылының тұрғыны:
Бұрын осы асфальт жоқ кезде машинаның астын жиі соғып алатынбыз. Себебі жол деген шұрқ-тесік болып жататын. Қыста лай-балшық. Қазір енді ауылда ондай проблема жоқ сияқты.
Қызылтөбе ауылдық округінде 32 мың адам жер кезегінде тұр. Тұрғындарды жер телімімен қамтамасыз ету үшін, «Қызылтөбе-3» деп аталатын жаңа елді мекеннің орны әзірленуде. 700 жер учаскесіне газ құбыры тартылды. Қазір электр желісі жүргізілуде.