Елімізде алғаш рет жүрекке жасанды протез қойылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде алғаш рет жүрекке жасанды протез қойылды

02.02.2022

 Елімізде алғаш рет жүрек қолқа доғасының орнына мұздатылған жасанды протез қойылды. Медицина тілімен мұны гибридті алмастыру деп атайды. Өте күрделі операцияны отандық дәрігерлер, яғни Павлодардағы аймақаралық кардиоорталық мамандары жасады. Аймақтағы меншікті тілшіміз Болат Аманбаев хирургиялық жансақтау бөлімінде жатқан сырқатпен тілдесіп қайтты.

Қайрат Қайранбеков теміржолдағы жұмысын енді қайта жалғастырады. Бұл - операцияның сәтті өткендігінің жемісі. Ал кеше ғана ол аса ауыр хәлде Семейден Павлодарға тікұшақпен жеткізілді. 39 жастағы азаматтың алты баласы бар.

Қайрат Қайранбеков, науқас:
Балаларымды көремін, Алла бұйыртса. Ешкіммен хабарласқан жоқпын. Бәрі сәтімен өтіп, бітсін деп отырмын. Содан кейін көремін. Осы клиникадағы барлық кісіге көп-көп рахмет!

Қайрат Қайранбеков - қолқа доғасының орнына мұздатылған жасанды протез салдырған еліміздегі алғашқы адам. Мұндай операциялар бұған дейін шетелде ғана жасалатын. Күрделілігі сол - жүректегі үлкен қан тамыры жарылып, шынайы қуыстан бөлек тағы бір жасанды қуыс пайда болады. Тап сол жерде қан ұйып, ми мен басқа да ішкі мүшелерге баратын тамырларды бітеп тастайды.

Кенжебек Алтенов, аймақаралық Кардиоорталық директорының орынбасары:
Осы қолқа жыртылған уақытта, яғни біздің өмірге маңызды органдарымыз оттегімен қанды қамтамасыз ете алмайды. Статистикаға келетін болсақ, сырқаттардың 48 пайызы ауруханаға жете алмайды. Ауруханаға жеткен науқастардың ішінде 28 пайызы ота жасалғанға дейін қайтыс болып кетеді.

Дәл осындай диагнозбен елімізде жылына 100 адамға дейін ауруханаға жатқызылады. Оларды аман алып қалу үшін ота екі қайтара жасалатын. Кардиохирург Әділжан Әлбазаровтың бір этаппен екі түрлі операция жасауы отандық медицинада тарихына тың жаңалық болып енді.

Әділжан Әлбазаров, аймақаралық Кардиоорталық директоры:
Бұл - еліміздің медицинасындағы соңғы 5-7 жыл аралығындағы үлкен жетістік. Ең бастысы Қазақстан азаматтары аурудан құлан таза айығып шығуға қол жеткізіп отыр. Біздің алғашқы операциямыздан кейін сырқат азамат бұрынғы жұмысы ауыр болса да, қайта жалғастырады.Бұл - менің ғана емес, Павлодардағы кардиорталық ұжымының нәтижесі.

Мұндай отаның құны 9 млн теңге. Бірақ ел азаматтары үшін оның шығыны мемлекет тарапынан өтеледі.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу