Биылдан бастап мектеп директорларына ротация жасалады. Яғни, кәсібилігі мен басқарушылық тәжірибесін шыңдау үшін ауысып қызмет етеді. Ал, Атырау, Маңғыстау, Түркістан және Алматы облыстарына үздік педагогтар барады. Бұл үрдіс жыл сайын жүреді. Өйткені, білім беру сапасында алшақтық бар. Білім саласындағы басқа да жаңалықтар туралы тілші баяндайды.
Қазір жекелеген пән оқытушылары тапшы. Сондықтан ұстаз мамандығы болмаса да, кәсіби біліміне қарай жұмысқа қабылданады. Бұдан былай математика топтарға бөліп оқытылады. Биыл мың үш ауыл мектебі жаңғыртылады. Жөндеуден өтеді, пәндік кабинет ашылады, жиһаз жаңартылады және қауіпсіздік күшейтіледі. 200 жаңа мектеп ашу жоспарланған.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:
Тұрғын үй алаптарын жоспарлау кезінде көбінесе білім беру объектілерінің құрылысы ескерілмейді. Осыдан оқушы орындарының жетіспеушілік проблемалары туындайды. Осыған орай, тұрғын үй құрылысы жұмыстарын бастар алдында әкімдіктерге біріншіден мектеппен қамтамазыз етуді сұраймын.
Балабақшадағы орындар енді бірыңғай базада реттеледі. Қазіргідей өңірдегі электронды кезек тоқтатылады. Сондай-ақ жастардың жан-жақты қалыптасуы назарға алынған. Осы ретте оқушылар сарайлары, музыка және көркемөнер мектептері жекешелендіруге өтпейді. Ал, колледждерге кадр даярлау үшін академиялық дербестік берілді. Түлектер мамандықсыз қалмау керек. Соған орай мемлекеттік тапсырыс саны 20 мың орынға көбеймек.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
Барлық жерде кәсіпорындардың колледждерді қамқорлығына алуын жолға қою керек. Колледждер тек жастарды ғана емес, жұмыс берушілер мен инвесторларды да өзіне тартып дәстүрлі бағдарламалармен қатар қысқа мерзімді оқу бағдарламаларын ұсынуы тиіс.
Өңірлерге техникалық бағыттар бойынша 10 мың грант бөлінеді. Бұл Маңғыстау мен Атырау облысына тиесілі. Түлектер елдегі жетекші жоғары оқу орындарында білім алады. Диплом алған соң туған өлкесіне оралуы керек.
Нысаналы Ығыл