Ресей шабуылдаған жағдайда, НАТО Украинаға әскер жіберуді жоспарлап отырған жоқ. Солтүстікатлантикалық альянстың бас хатшысы Йенс Столтенберг осылай деп мәлімдеді.
Айтуынша, НАТО Украинаның әскери әл-ауқатын өсіруге, қорғанысты модернизациялауға көмектеседі. Киев әскери одаққа мүше болмағандықтан, НАТО құрамындағы елдерге тарайтын қауіпсіздік кепілдігі Украинаға қолданылмайтынын ескертті.
Ұлыбритания да Украинаға әскер аттандыруды жоспарлап отырған жоқ. Елдің сыртқы істер министрі Элизабет Трасстың сөзінше, жағдайды тежеу және дипломатия арқылы шешуге тырысу қажет. Дегенмен Ресей Украинаға басып кіретін болса, Кремльдің айналасындағы олигархтар мен компаниялар қатаң санкцияға алынатынын ескертті.
АҚШ сенаты да Мәскеуге жаңа санкциялар жариялауға дайындалып жатыр. Санкциялардың кейбірі Ресей Украинаға шабуылдамас бұрын енгізілуі мүмкін.
Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров болса, Батыс елдері Украинаны НАТО-ға тартуды көздейді деп мәлімдеді. Дипломаттың сөзінше, мұндай әрекет альянстың қауіпсіздігін күшетпей, керісінше Ресеймен қарым-қатынастың нашарлауына әкеледі. Тағы айта кетері - Ресей Украинаға басып кіруді жоспарлап отырғанын жоққа шығарып келеді. Мәскеудің басты талабы - НАТО жауынгерлері мен қару жарағын Шығыс Еуропадан шығару, Украинаны әскери альянсқа мүше етпеу. АҚШ пен солтүстікатлантикалық альянс бұл талапты орындаудан бас тартты.
Арай Төлегенқызы