27 қаңтарда Қасым-Жомарт Тоқаев өзі басқаратын Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізді. Ақорда сайты былай деп хабарлады, цитата:
Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі уақытта елдегі ахуал толығымен тұрақталғанын және құқықтық тәртіп қайта қалпына келгенін атап өтті. Жаңғыртылған ұлттық қауіпсіздік жүйесі сын-қатердің кез келген қиындығына төтеп беруге дайын болуы қажет.
Қауіпсіздік Кеңесінің басшысы қауіпсіздікке жауап беретін барлық құрылымның өз жұмыстарын өзгертуі керек екенін атап өтті. Бұл ретте, олардың өзара іс-қимылдары барынша теңгерімді болуы тиіс. Қауіпсіздік Кеңесі отырысының барысында ұлттық қауіпсіздік жүйесін реформалауға бағытталған нақты шешімдер қабылданды.
Бірақ қандай шешімдер қабылданғаны айтылмайды. Қауіпсіздік мәселелері бойынша шешім қабылдайтын ең жоғары орган - Қауіпсіздік кеңесін Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде дүрбелең туған уақытта - 5 қаңтарда өз қолына алған. Бұған дейін оның төрағасы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев еді.
27 қаңтарда Сенат бұрынғы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілетін қысқартуды мақұлдады. Оған дейін Мәжіліс Назарбаевтың Қауіпсіздік кеңесі және Қазақстан халқы ассамблеясын өмір бойы басқару құқығынан айыратын өзгерісті мақұлдаған еді. «Сонымен қатар заңды талқылау барысында бір норма енгізілді. Ол – «Тұңғыш Президент туралы» заңнан мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатына байланысты бастамалар Елбасымен келісілуі тиіс деген норма алып тасталып отыр. Сондықтан бір өзгеріспен Мәжіліске қайтарып отыр»,- деп атап өтті сенатор Ләззат Сүлеймен.