Шымкентте азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін 5,4 млрд теңге бөлінді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін 5,4 млрд теңге бөлінді

28.01.2022

Шымкент қаласында азық-түлік бағасының тұрақты ұстап тұру мақсатында арнайы қордан 5,7 миллиард теңге бөлінді. Соның арқасында қазір қаладағы 40 сауда орнында көпшілік тұтынатын тауарлар арзандады.

Мегаполисте жыл басынан бері 19 түрлі азық-түліктің бағасы ұдайы бақылауда. Қазір барлық дүкендерде халық көп тұтынатын нан, сүт, ет, жұмыртқа мен көкөністің түр-түрі сөрелерде самсап тұр. Бағада ешқандай өзгеріс жоқ.

Жанна Иманқұлова, қала тұрғыны:

Көкөністердің бағасы тұрақты сияқты. Өткенде келіп он күн бұрын алғам тура сол баға болып тұр.

Ірі сауда орындарында баға тұрақты болғанымен кейбір базарларда әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті әркім қалауынша саудалауда. С-1 санатындағы жұмыртқа 33 теңге төңірегінде болуы керек. Алайда оны қымбатқа сатып жатқандар да кезікті.

Ет сататындар да қитұрқы әрекетке көшкен. Сөрелерде баға жазылмаған. Сондықтан, саудагерлер ебін тауып қулыққа басады.

Әкімдік қызметкерлері, кіріс басқармасы қызметкерлерінен жасақталған жұмыс тобы апта сайын сауда орындарын аралап, мұндай жағдайларды жіті тексеруде. Әзірге бағаны тым аспандатып жібергендер жоқ.

Әбунасыр Жанбатыров, Қалалық әкімдіктің Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының орынбасары:

Тұтынушылар тарапынан әлеуметтік желі арқылы түсіп жатыр. Кәсіпкерлік өкілдерімен тікелей байланысып, түсіндіріп, нәтижесін шығарып жатырмыз.

Бүгінгі таңда Шымкентте 30 мың тоннаға жуық әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің қоры бар. Мамандардың айтуынша, бұл алдағы 6 айға жеткілікті.

Ғани Қалмаханов


Хабарламаларға жазылу