Алматы әуежайының қызметкерлері мыңға жуық жолаушыны құтқарды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы әуежайының қызметкерлері мыңға жуық жолаушыны құтқарды

28.01.2022

Жолаушылар қауіпсіздігі үшін қорықтық. Осылай деген Алматы Халықаралық әуежайының қызметкерлері шабуыл кезінде жолаушыларды 10 сағатқа жуық бұзақылардан жасырған. Тек ертесіне әскерилер келіп, жағдайды бақылауға алады.

5 қаңтар кешкі сағат сегіздер шамасында 50-60 шақты бұзақы Алматы әуежайына шабуыл жасайды. Дәл сол уақытта Сеулден халықаралық рейспен бортында экипаж мүшелерін қоса алғанда 86 адамы бар ұшақ келіп қонады. Оларды қорғау мақсатында әуежай қызметкерлері автобуспен 3,5 шақырым жерде орналасқан өрт сөндіру депосына жеткізеді.

Марат Зәкіров, әуежайдың Іздестіру және апаттық құтқаруды қамтамасыз ету қызметінің бастығы:

Жолаушыларды осында алып келгенде біз оларға барлық қолайлы жағдайды жасауға тырыстық. Ыстық тамағын бердік. Жігіттер түнімен кезекшілікке тұрып, азаматтардың тыныштығын күзетті.

Әуежайдың іздестіру және апаттық құтқаруды қамтамасыз ету қызметінде бүгінде 20-дан астам маман бар. Тәртіпсіздік басталған күні барлығы қызметте болған.

Фархат Сәбитов, Әуежай ауысым басшысы:

Біз жолушыларды тасымалдау үшін қызметтік көліктермен, автобустармен бірнеше рейс жасадық. Өйткені, адам саны көп болды. Азаматтар қатты қорықты, сонымен қатар әуежай қызметкерлерінің де көздерінен үрей байқалды. Себебі, көпшілігі - жастар. Дегенмен, мамандар жұмылып, өз істерін жоғары деңгейде орындады деп ойлаймын.

Тәртіпсіздіктер кезінде әуежай айлағында Мәскеу мен Бішкек қалаларына сапарлайтын екі ұшақ тұрған. Ішінде 260-қа жуық жолаушы отырған. Төтенше жағдайға байланысты олар діттеген жеріне жете алмады.

Нұрсұлтан Тілектесов, тілші:

Бұзақылар әуежайдың багаж бөліміне де шабуыл жасаған. Олар мұндағы жолаушылардың жеке заттары мен жүктеріне залал келтірген. Қалғандарын, яғни, мынадай пайдаға жарайтындарын әуежай қызметкерлері бір бұрышқа жинап қойыпты.

Қызметкерлердің сөзінше, қазір заттарын іздеп жатқандар көп. Шабуыл кезінде әуежай терминалынан 800-ге жуық жолаушы дін аман қауіпсіз аймаққа көшірілген.

Айбек Төлегенов, әуежай қызметкері:

Біріншіден жас балалар мен үлкен кісілерді отырғызып, айлаққа қарай апардық. Одан әрі қарай өз көліктерімізбен қалаға қарай тасымалдадық. Эвакуация шамамен сегізден кете басталды. 20:40-та әуежайда жолаушылар қалмады.

Бүгінде әуежай штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Мемлекет үшін стратегиялық маңызды нысан толық қалпына келтірілді.

Нұрсұлтан Тілектесов


Хабарламаларға жазылу