Жастар арасындағы жұмыссыздықты жою мақсатында «Алғашқы жұмыс орны» және «Жастар практикасы» бағдарламасына биылдан бастап өзгеріс енеді. Олардың тиімділігін арттыру үшін жас мамандардың бағдарламаларға қатысу мерізімі ұзартылып, еңбекақысы өседі. Мемлекет басшысының бұл тапсырмасы мамандық алған жастардың бос сенделмей тұрақты жұмыс табуына мүмкіндік бермек.
Аружан заңгер мамандығын игеріп шыққалы екі жылдан бері әр істің басын бір шалып жүрген-ді. Бүгін «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша ұлттық статистика бюросының аймақтағы департаментіне жұмысқа орналасты.
Аружан Тұрлыбекова, «Жастар практикасы» бағдарламасына қатысушы:Президентіміз жастардың айлығын көтеретінін, мерзімін ұзартатынын айтты. Жастарға үлкен мүмкіндік беріп отыр. Бұл жерде өзіңе тәжірибе жинайсың. Тұрақты жұмыс орны.
Ал Ақнұр болса, енді бірер айда жоғары оқу орнын бітіріп шықпақ. Болашақ филолог мұғалім. Оқуын үздік аяқтағалы отырған жас маман бірден «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасына қатысуды көздейді.
Ақнұр Әселбек, 4 курс студенті:Президенттің Жолдауы болашаққа деген сенімімізді нығайтты және білікті жас маман қай жерде де сұранысқа ие. Сондықтан оқуымызды тәмамдаған соң өз мамандығымыз бойынша лайықты қызметке орналасатынымызға сенемін.
Шымкент қаласында былтыр «Жастар практикасы» бойынша 2 жарым мың жас маман жұмысқа орналасты. Ал «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасы 100-ден астам жастың тұрақты жұмыс табуына мүмкіндік берген. Олар былтыр 60 мың мен 76 мың теңгенің аралығында еңбекақы алған болса, биылдан бастап жалақы 90 мың теңгеден аспақ.
Жаннат Оспанханова, Шымкент қаласы жұмыспен қамту орталығының қызметкері:Енді жаңа жоба, жаңа тапсырма бойынша оны 30 айылық есептік көрсеткішке өсіру жоспарланып отыр. Алғашқы жұмыс орны бойынша да осы жылы 30 АЕК көтеру жоспарланған.
Шымкентте жыл сайын жоғары және орта арнаулы оқу орындарын 30 мың түлек бітіріп шығады. Кешенді бағдарламалардың арқасында былтыр жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,7 пайызға азайған. Биыл бұл көрсеткіш мұнан да жоғары болмақ.