Мектептерде математика пәнін топқа бөліп оқыту қарастырылып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мектептерде математика пәнін топқа бөліп оқыту қарастырылып жатыр

27.01.2022

Әлемнің 43 елі QazVac вакцинасын алуға дайын. Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Білім және ғылым министрлігінің алқа мәжілісінде осылай деп мәлімдеді. Жиында білім саласына қатысты өзге де өзекті мәселелер талқыланды. Ақниет Балтанова тарқатады.

Қазақстан әлемдегі 6 мемлекеттің ішінде бесіншісі болып өз вакцинасын шығарған ел. Бұл үлкен жетістік. Дегенмен әлі де атқаратын жұмыс көп. Осы орайда ғалымдарға алғыс айтамын деді Ералы Тоғжанов. Сондай-ақ жиында «Ауыл – ел бесігі» жобасын жүзеге асыруға тағы 20 млрд теңге бөлінетіні айтылды.

Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары: 
Бұл қаражат батыс және оңтүстік облыстарда білім беру, мәдениет және спорт объектілерін салуға жұмсалады. Сондықтан бір апта ішінде жергілікті әкімдіктермен бірлесе отырып, құрылыс жұмыстарының жоспарын ұсыныңыздар.

Халықаралық олимпиада жеңімпаздарына және оларды даярлаған педагогтерге біржолғы ақшалай сыйақы төленеді. Алтын медаль иегерлеріне — 1500, күміс медальға – 1000, қола медаль иегерлеріне – 500 АЕК көлемінде сыйақы тағайындау жоспарланды. Әрі мектептерде математика пәнін топқа бөліп оқыту мәселесі қарастырылып жатыр.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:
Технология, еңбекке баулу пәндерін де екі топқа бөліп оқыту керек. Биыл 200 мектеп салынып, 2 мың пәндік кабинет сатып алынады. 300 балабақша ашылады.

Балабақшаға кезекке тұрудың бірыңғай базасы құрылады. Бұл орын санының әділетті бөлінуін, қаржының дұрыс жұмсалуын және кезектің қайталанбауын қамтамасыз етеді. Өңірлер арасында білім деңгейін теңестіру мәселесі әлі де өзекті. Сондықтан ауылдық жерлердегі педагог тапшылығын шешуге байланысты бірқатар тапсырмалар берілді.

Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
Қаржы, Ұлттық экономика министрліктеріне өңір әкімдерімен бірлесіп, қалып қойған өңірлердің білім беру деңгейін арттыруды, қаржыландыруды теңестіруді тапсырамын. Педагогтерге барлық жағдай жасалып, қолдау көрсетілуі керек.

Сондай-ақ, «Болашақ» бағдарламасы жаңғыртылады. Техникалық бағыттарға басымдық беріледі. Әрі мамандықтарға биылдың өзінде гранттар саны 40-тан 60 пайызға артады.

Ақниет Балтанова, тілші:
Бүгінгі жиында талқыланған тағы бір мәселе, ғылым саласы мен ғалымдардың жай-күйі. 2000-нан астам ғалымға бөлінген грантқа қарамастан тұрақты түрде жалақы төленетін болады. Ғылымды қаржыландыру жалғасын табады. Жыл сайын 500 ғалым әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алмақ.


Хабарламаларға жазылу