Қасым-Жомарт Тоқаев елордада Үндістанмен бірлескен ІТ-мектеп ашуды ұсынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қасым-Жомарт Тоқаев елордада Үндістанмен бірлескен ІТ-мектеп ашуды ұсынды

27.01.2022

Қазақстан Үндістанға құны 610 млн доллар болатын 80 түрлі тауарды экспорттауға әзір. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алғаш рет ұйымдастырылған «Орталық-Азия – Үндістан» саммитінде айтты. Президенттің сөзінше қазір Үнді елімен Орталық Азия арасындағы алыс-беріс 3 млрд доллар. Оның 80 пайызы Қазақстанмен арадағы тауар айналымы. Дегенмен бұл елдердің қазіргі әлеуетінен әлдеқайда аз. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев байланысты нығайтып, алыс-берісті көбейту үшін бірнеше ұсынысын білдірді.

Орталық Азия мен Үнді елінің байланысы тарихтан терең тамыр тартады. Орта ғасырда түркілер Үндістан жерінде билік етіп, ұлы империялар құрған. Жібек жолы арқылы да алыс-беріс еш үзілмеген. Мемлекет басшысы жиын барысында Орталық Азияның көлік-логистикалық әлеуетін пайдалануға шақырды. Соңғы 10 жылда Қазақстан өзінің транспорттық жүйесіне 30 млрд доллар ақша құйғанын тілге тиек етті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстан аумағы арқылы 11 халықаралық транзит дәлізі өтеді. Оның ішінде 5 теміржол мен 6 автомобиль бағдары Шығыс-Батыс және Оңтүстік-Солтүстік бағыттарда жүк қозғалысының жоғары жылдамдығын қамтамасыз етеді. Солтүстік-батыс бағытындағы Еуразиялық экономикалық одақ кеңістігіндегі бірыңғай кеден аймағын ескерер болсақ, Ресейдің, сонымен қатар Шығыс Еуропаның бірқатар елінің нарығына кедергісіз кіру мүмкіндігі бар. Жылдық қуаты 26 млн тоннаны құрайтын Қазақстанның Ақтау мен Құрық порттары арқылы өтетін оңтүстік-батыс бағдарының да келешегі зор. 
Осы орайда Мемлекет басшысы Үндістан мен Орталық Азия елдеріне «өңіраралық көлік-логистикалық консорциум» құруды ұсынды. Бұл жұмысты жүйелі жүргізуге сеп болмақ. Президент Үнді кәсіпкерлерін Қазақстанға инвестия құюға да шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстан алдағы уақытта да барлық инвестициялық міндеттемелерін мүлтіксіз әрі толық көлемде орындай беретіндігін ерекше атап өткім келеді. Жалпы, «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасына негіз болған инвестициялық ахуалды жақсарту біздің экономикалық саясатымыздың құрамдас бөлігі болып саналады.
Бүгінде Үндістан әлемдік саяси сахнадағы алып ойыншы. Экономикасы ең қарқынды дамып келе жатқан елдердің бірі. Айти саладағы соңғы жаңалықтардың да көшбасында. Қасым-Жомарт Тоқаев елордада Үндістанмен бірлескен ІТ-мектеп ашуды ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Үндістан компанияларын қазақстандық нарыққа шақырамыз. Қазақстан халқына Жолдауымда 2025 жылға қарай 100 мыңнан кем емес жоғары білікті ІТ-маманды даярлау міндетін қойдым. Осыған байланысты ІТ және инженер кадрларды оқытуда Үндістанның мол тәжірибесі біз үшін қызықты болып тұр.
Қасым-Жомарт Тоқаев азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін де көтерді. Қазір әлемде жаппай қымбатшылық болып жатыр. Инфляция өте жоғары. Экологияның нашарлауы тағы бар. Бұл қарапайым халыққа ауыр тиюі мүмкін. Сол себепті Президент Ауыл шаруашылығы министрлерінің тұрақты кеңесін өткізіп тұруды ұсынды. Жиын қорытындысы бойынша «Орталық Азия – Үндістан» атты бірінші саммиттің Декларациясы қабылданды.

Шерхан Жамбылұлы 

Хабарламаларға жазылу