Утиль алыммен айналысқан лауазымды тұлғалар қамауға алынды. Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов пен «Оператор РОП» басшысы Медет Құмарғалиев елордадағы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Олар жемқорлыққа қатысты күдікке ілінген. Кей мәліметтерге сенсек екеуі де елден қашпақ болған. Пірімқұлов вице-министр қызметін 2019 жылдың шілдесінен бастап атқарды. Құмарғалиев та сол жылы компания басшысы болып тағайындалған еді.
Ал бүгін «Оператор РОП» басшыларының бірі Руслан Шәмшиевтің көз жұмғаны туралы хабарланды. Алдын ала болжам бойынша ол өзіне қол жұмсаған. Мүрдесі жұмыс кабинетінен табылды. Елордалық полиция бұл іс бойынша қылмыстық кодекстің 105-бабы бойынша, яғни «өз-өзіне қол жұмсауға жеткізу» бойынша тергеуді бастады.
Шәмшиев былтырдан бері компанияның құқықтық мәселелерімен айналысқан. Оған дейін «Азаматтарға арналған үкімет», көліктік прокуратура және кеден органдарында қызмет етті.