Еуропалық Одақ елдеріне саяхаттау ережесі жеңілдетілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропалық Одақ елдеріне саяхаттау ережесі жеңілдетілді

26.01.2022

1 ақпаннан бастап Еуропалық Одақ елдеріне кіру жаңа ереже бойынша жүргізіледі. Азаматтардың еркін саяхаттауына жағдай жасау үшін Еуропалық кеңес бірқатар өзгеріс енгізуді ұсынды. Соған сәйкес, екпе салдыртқандар мен індеттен жазылғанын растайтын 6 айға жарамды Еуропалық сертификаты барлар Одақ елдеріне еркін кіріп шыға алады. Бұдан былай сертификат иелері саяхаттау кезінде қосымша ПТР тест тапсырмайды және карантинге жабылмайды.

Ал Еуропалық ковид сертификаты жоқ тұрғындар Одаққа мүше 27 мемлекетке кірерде немесе кіргеннен кейін 24 сағат ішінде ПТР тест тапсыруы тиіс. Сондай-ақ, індет қатты өршіп тұрған елдердің азаматтарынан басқаларға карантиндік шектеу қойылмайды.

Элиза Коэн, Брюссель қаласының тұрғыны:

Ережені жеңілдеткеніне қатты қуанып тұрмын. Өйткені Жаңа жылда саяхаттағым келген, бірақ көп ел сертифакаты бар туристердің өзін 5 күн карантинге жапты. Сол үшін ешқайда бармап едім.

Самюель Иглс, Брюссель қаласының тұрғыны:

Біраз қаржымызды үнемдейтін болдық. Екпе салдыртқандардың қосымша ПТР тест тапсырмайтыны жақсы болды. Бұл еркін өмірге оралудың басы деп сенемін.

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу