Қызылорда облысында жаңа кәсіпкерлік нысандар бірнеше айдан бері табиғи газға қосыла алмай келген. Аймақта арзан көгілдір отынға қолы жетпеген ондаған бизнес өкілі жергілікті «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына шағымданған. Көкейкесті мәселенің мән-жайын өңірдегі тілшіміз Әділбек Серікұлы анықтап көрді.
Қаладағы шағын наубайхана иесі былтыр мемлекеттік қолдаумен 40 миллион теңге несие алып, кәсібін кеңейтуді көздеген. Қыруар қаржыға Ресейден заманауи үлгідегі 3 пеш сатып алған. Қондырғылар қыркүйек айында іске қосылуы тиіс еді. Бірақ, «ҚазТрансГазАймақ» компаниясы жаңа кәсіпкерлік нысандарға техникалық шарт құжатын беру тоқтатылғанын айтқан.
Қайрат Досымов, кәсіпорын заңгері:Одан кейін монтаж жасалмай, біраз уақыт ұстады. Сол уақытта да қаншама нан өндіретін едік, техникалық құжат бірден заматында былтыр қыркүйек айында беріле қойғанда. Енді шығын келді.
Талай есіктің табанын тоздырған кәсіпкер жақында ғана табиғи газға қосылуға тиісті рұқсат қағазын алды.Енді бірнеше күннің ішінде көгілдір отын берілмек. Бүгінде наубайханада 30-ға жуық адам тұрақты еңбек етеді. Оннан аса нан өнімін шығаратын шағын кәсіпорын енді қала аумағын ғана қамтып қоймай, аудандарға жеткізбек.
Әділбек Серікұлы, тілші:Газбен жұмыс істейтін мына заманауи пеште бір салғанда 180 бөлке нан пісіруге болады. Қазір осындай үш қондырғы жұмыс істемей тұр. Алдағы уақытта мамандар пештерді газға қосса, наубайханының қуатылығы 5 мыңнан, 15 мың бөлке нанға ұлғаяды.
Жалпы кәсіпкерлерге келтірілген кедергілерден аймақтағы бизнес өкілдері айтарлықтай шығынға ұшырады, дейді мамандар. Жергілікті «Атамекен» палатасына көгілдір отынға қол жетпеген 27 кәсіпкерден шағым түскен.
Ғалымбек Жақсылықов, «Атамекен» ҰКП облыстық филиалының директоры:Өткен жылдың желтоқсан айында өзіміз «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ға хат жолдадық. 11 қаңтар күні «ҚазқТрансГаз» өзінің аймақтағы филиалдарына хат жолдаған болатын. Сол хатқа сәйкес жаңадан ашылып жатқан нысандарға техникалық шарттарды беруді қайтадан бастау жөнінде.
Қазір кәсіпкерлік нысандарға газға қосылу бойынша кедергі жоқ. Мәселенің оң шешілуі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң серпіліс берері анық.