Маңғыстау облысында шаруаларға арзан бағамен жем сатылып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстау облысында шаруаларға арзан бағамен жем сатылып жатыр

21.01.2022

Маңғыстау облысында шаруаларға арзан бағамен жем берілуде. Нарықта 1 қап жем 2000-2100 теңге тұрады. Бірақ мал басына қарай қазір 1500 теңгеден саудалануда. Шаруаларға қолдау көрсеткен мұнай компаниясы кәсіпкерлер сатқан жемнің үстеме қаржысын өтеп береді.

Шетпе ауылының тұрғыны Гүлсара Кенжебаева жеңілдікпен беріліп жатқан көмекті ести сала осында келгенін айтады. Ол қуаңшылық басталғалы 9 түйе мен қой-ешкісін қорадан шығармай жемдеп отыр. Сондықтан мал азығы күттірмейді дейді.

Гүлсара Кенжебаева, Шетпе ауылының тұрғыны:
Менің өзіме тиісті 11 қабымды алып тұрмын. Осындай көмекті арасында алып жатырмыз. Өткенде шөптер келді, содан алдық. Енді міне қазір жемімді алып тұрмын. Өте үлкен көмек.

1500 теңгенің жемі Маңғыстау ауданы бойынша Шетпе ауылында сатылып жатыр. Арзан мал азығы тек тіркелген мал басына ғана берілуде. 24 мыңдай қап 12 ауылға таратылды. Төрт түлігін тіркеген шаруалар ақпан айында түгел алып болады.

Мырзаян Еңсегенов мал азығын қыстық қордан алып тұрады. Бүгін де көлігіне 2 орама және 30 түк шөп тиетті. Шаруа арзан жемнен де 22 қап алған.

Мырзаян Еңсегенов, Шетпе ауылының тұрғыны:
Ауданға келіп жатырған қосалқы жем-шөп халық үшін енді көп пайдалы. Әйтеуір ақшамызға табылып тұр. 
Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Облыс аумағындағы төрт-түлік малдың 44 пайызы осы Маңғыстау ауданыны аумағында тіркелген. Сондықтан аудан бойынша 6 шөп қоры жасақталды. Мынау Шетпе ауылындағы қор. Мұнда 3 мыңға жуық түк шөп пен 1 мыңдай орама шөп сақталған. 

Қыстық қор бұдан бөлек Ұштаған, Жыңғылды, Сайөтес ауылдары мен Мәстек жерінде де бар. Аудан әкімі Тілек Көшмағанбетов шаруалаарды қолдау шараларының жалғаса беретінін жеткізді.

Тілек Көшмағанбетов, Маңғыстау ауданының әкімі:
Каспий әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 01пайызбен неси е алған 3 операторымыз жем алуға осы ауданға бекітілді. Және 7 оператор шөп әкелуге бекітілді. Шөптер әкелінді, жемдер де әкелініп жатыр. Одан бөлек Шетпе басында 7 кәсіпкер тұрақты жем әкелумен кәсіппен айналысады.

Ауданда 3 мың тоннадай шөп қоры бар. Ал жем басқа өңірлерден үздіксіз жеткізілуде.



Хабарламаларға жазылу