Еуропада «омикрон» өршіп тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропада «омикрон» өршіп тұр

21.01.2022

Еуропада індет күннен-күнге өршіп барады. Францияда бір тәулікте коронавирус жарты миллион адамнан анықталған. «Омикронның» таралуына тосқауыл қою үшін қарт құрлық елдері қоғамдық орындардың жұмысын шектеп, екпе науқанын күшейтуде. Еуропадағы соңғы ахуалды әріптесім Нұрсұлу Қасымнан білейік.  

Нұрсұлу Қасым, тілші: 

Қарт құрлықта «омикрон» штамы тез таралуда. Мен де осы штамды жұқтырып, үйде бір аптадай оқшауланып, карантиннен бүгін ғана шықтым. Францияда бір тәулікте жарты миллион адамнан, Италияда 200 000, Германияда 100 000-нан астам адамнан анықталды. Неміс дәрігерлері «ауруханаларда орын тапшы» деп дабыл қаққан соң, соңғы 2 күнде тұрғындар вакцина салдыртуға асығуда. Екпе орталықтарына ұзын-сонар кезек. Кинотеатр, мейрамханаға вакцинаның 3-дозасын салдыртқандарды, ПТР тест тапсырғандарды ғана кіргізіп жатыр. Польша мен Румынияда дәрігерлер 5-толқын басталғанын айтып, Үкіметтен екпе науқанын күшейтуге көмек сұрауда. Қазір қос елде халықтың тек 40 пайызы ғана толықтай екпе алған.

Еуропа елдерінде екпе алу міндетті ме қазір?  

Әзірге міндетті емес. Бірақ, Еуропада алғашқылардың бірі болып Австрия үкіметі 1 ақпаннан бастап 18 жастан асқан азаматтарға екпе алуды міндеттемек. Ақпан мен наурыздың 15-не дейін халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. 15 наурыздан бастап полиция қызметкерлері заңға бағынбай, вакцина алмағандарды әкімшілік жауапқа тартады. Екпе сертификаты жоқ азаматтар 600 еуродан 3 500 еуроға дейін айыппұл төлейді.   


Хабарламаларға жазылу