Түркістан облысында азық-түлік бағасын тұрақтандыруға 1 млрд теңге бөлінді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында азық-түлік бағасын тұрақтандыруға 1 млрд теңге бөлінді

20.01.2022

Түркістан облысында азық-түлік бағасын тұрақтандыруға 1 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржы жаңа жыл қарсаңында шарықтап кеткен әлеуметтік маңызы бар тауарларды сатып алуға жұмсалмақ. Қазір халық көп тұтынатын 19 түрлі азық-түлік өнімдерін сататын 13 дүкен мен бес сауда үйінде баға төмендетілген.

Қазір Түркістандағы базаларда сауда қызып тұр. Халыққа қажетті жеміс-жидек , көкөніс пен ет өнімдері түгел жеткілікті. Бірақ, баға бұрынғыдай емес, қымбаттаған.

Облыстық кәсіпкерлік басқармасы қымбатшылықтың алдын- алу үшін халық күнделікті тұтынатын 19 түрлі азық-түлік өнімдерінің бағасын мұнан кейін жіті бақылайтын болды. Негізсіз баға көтерілген жағдайда сатушыларға- 100 АЕК көлемінде айыппұл салынатынын ескертеді.

Абай Шеңгелбаев,    облыстық кәсіпкерлік басқармасының бөлім басшысы:
Бағаны көтермеу мақсатында бізде арнайы жұмыс тобы мен комиссия құрылған. Күнделікті базарлар мен дүкендерге шығып, барлығын тіркеуге алып отырамыз. Заңға сәйкес қымбатшылық жасағандарға хаттамалар толтырып, айыппұлдар саламыз.

Өңірдегі тұрақтандыру қоры да бағаны қалыпты жағдайда ұстап тұруға ықпал етіп келеді. Қордың қоймасында қазір ең қажетті деген 3850 тонна өнімі сақтаулы. Олар Түркістандағы әлеуметтік дүкендердің сөрелеріне жеткізіліп, базар бағасынан 15-20 пайызға төмен сатылуда.

Лаура Жанасбаева, «Turkistan» ӘКК АҚ департамент директоры:
Әлеуметтік дүкендерде қант 270 теңгеден сатылуда. Ал, картоп пен сәбіз 100, пияздың келісі 70 теңгеден босатылуда. Бұл бағалар басқа сауда орындарына қарағанда әлдеқайда арзан саналады. Қазіргі таңда біз осындай әлеуеттік дүкендердің санын көбейту жағын қарастырып жатырмыз.

Ал, облыстық әкімдік азық-түлікті қымбаттатпау үшін бюджеттен 1 млрд теңге бөлді.

Айнұр Ақбаева, тілші: 
 Бұл қаржы ірі сауда орындарына тұрақтандыру қоры арқылы несие ретінде беріледі. Яғни кәсіпкерлер ол қаржыға жергілікті тауар өндірушілерден қажетті азық-түлікті сатып алып, бағаны бір қалыпта ұстап тұруы тиіс.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу